Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин «қыркүйек» пен «қыргүйек» сөздеріне қатысты қоғамдағы пікірталасқа үн қатып, қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.
Қариннің айтуынша, бұл мәселе тек тіл мамандары мен әдеби ортаға ғана қатысты емес. Қазақ тілі мемлекеттік әрі кеңсе тіліне айналғандықтан, сөздердің жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей әсер етеді.
Ол мемлекеттің қай сөздің қалай жазылатынын өзі анықтамайтынын атап өтті. Бұл – тіл мамандары мен ғалымдардың құзыретіндегі мәселе. Мемлекеттік органдардың міндеті – сол жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру.
Осыған байланысты тіл саясатына жауапты мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдардың қатысуымен арнайы талқылау өткізілген.
«Талқылау барысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келдік», – деді Ерлан Қарин.
Оның сөзінше, белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік әзірленеді. Дайын еңбек кейін Мекемеаралық комиссияның қарауына ұсынылып, бекітілмек.
Қазіргі қолданыстағы Орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы жарық көрген. Содан бері қазақ тіліне көптеген жаңа сөз енген. Қарин бүгінгі орфографиялық даулардың бір себебін де осы жағдаймен байланыстырды.
«Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ», – деді ол.
Вице-президент жаңа Орфографиялық сөздікті әзірлеуге Қазақстан тарихының академиялық көптомдығы секілді ұлттық жоба деңгейінде қарау қажет екенін атап өтті.