«Құқығым бұзылып жатыр»: Арман Жұмагелдиев Бас прокурорға хат жолдады

«Құқығым бұзылып жатыр»: Арман Жұмагелдиев Бас прокурорға хат жолдады

Қаңтар оқиғаларын ұйымдастырды деген айыппен сотталған Арман Жұмагелдиев адвокаты Вадим Курамшинмен кездесуіне мүмкіндік берілмесе, наразылық ретінде аштық жариялауға ниетті деп жазады Democrat.kz. сайты Exclusive.kz. сайтына сілтеме жасап.

«4 тамызда Жұмагелдиев Бас прокурорға менімен кездесуіне кедергі келтірмеуді талап етіп өтініш жолдады», – деп хабарлады Курамшин.

Олай болмаған жағдайда сотталған азамат наразылық ретінде аштық жарияламақ.

Адвокат сондай-ақ тергеу изоляторында отырған қорғауындағы азаматқа кіруге әрекеттенген кезінде өзінен процессуалдық тәртіпке сай емес түрде 50 мың теңге алынғанын айтты.

«Жұмагелдиевке қатысты жаңа қылмыстық іс қозғалды. Оның мазмұны туралы маған ештеңе белгісіз», – деді Курамшин.

Адвокат Жұмагелдиевтің Бас прокурорға жолдаған хатын көрсетті:

«Бас прокурорға

Президент аппаратына

№76 мекемеде қамауда отырған,

заңсыз сотталған

Жұмагелдиев Арман Бақытұлынан

«№76 мекеме» РММ бастығы

Жүсіпов Ж. Ж.-ға

Жұмагелдиев [Арман] және адвокат Курамшин [В. Р.]-нан

Өтініш

Маған «Қаңтар» ісі бойынша заңгерлік көмек көрсету үшін кіргізбей отырған адвокатым Курамшин В. Р.-мен кездесуге мүмкіндік беруіңізді сұраймын. Адвокаттың маған кіруіне жасалған кез келген кедергіні менің конституциялық құқықтарымның бұзылуы деп есептеймін және БП ВТЖТ (Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу-жедел тобы – ред.) қай адвокаттың қорғайтынын, қайсысының қорғамайтынын шешуге құқылы емес. Мені адвокат Курамшин В.-ның қорғауы үшін ҚАЖД басшылығының рұқсат беру туралы қаулысы қажет емес, өйткені бұл – менің конституциялық құқығым және қазіргі уақытта бұл құқық бұзылып отыр.

Қолы / Жұмагелдиев А. Б. / 04.08.26

Олай болмаған жағдайда, менің құқықтарымның, сондай-ақ халықаралық пактілердің бірнеше рет бұзылуына байланысты маған қатысты жасалып жатқан осы заңсыздықтардың барлығына наразылық ретінде аштық жариялауға мәжбүр боламын.

Қолы 04.08.2026».

ҚАЖК әзірге Жұмагелдиевке қатысты жағдайға түсініктеме берген жоқ.

«Қорғауымдағы азаматтың есімін атауға ол маған жазбаша өтініш арқылы рұқсат берді», – деп толықтырды Курамшин басылымымызға.

Барлық жаңалықтар