Алматыда №126 мамандандырылған лицейдің оқушысының қайғылы қаза болу жағдайы анықталып жатыр, деп жазады Democrat.kz. сайты Qaz365.kz.-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Әуезов ауданында 23 мамырға қараған түні шамамен сағат 03:00–04:00 аралығында болған. Марқұмның таныстары мен мұғалімдері болған жағдайға әлі де сене алмай отыр, себебі оқушы үздік оқып, болашағына үлкен жоспар құрған.
Мектеп директоры Айжан Әбуеваның айтуынша, жасөспірім ерекше академиялық жетістіктерімен көзге түскен.
— Ол өте жақсы оқыды. Оны Америка мен Қытайдағы оқу орындары шақырған. Бұл туралы мектеп те білмеген, ақпарат тек жерлеу рәсімінде айтылды. Ол қатарлас сыныптағы қызбен кездесіп жүрген, — деді директор.
Түлек тестілеулерде жоғары нәтижелер көрсеткен. Қаңтар айында ҰБТ-дан 119 балл жинаса, соңғы сынақтардың бірінде 134 балл алған. Мамыр айында негізгі емтиханды тапсыруы тиіс болған. Сонымен қатар, ол математика пәні бойынша олимпиадаларға белсенді қатысқан.
Айналасындағылардың айтуынша, оның мінез-құлқынан ешқандай алаңдатарлық белгі байқалмаған. Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын, 22 мамырда, ол мектеп вальсіне дайындалып, көтеріңкі көңіл күйде жүрген.
— Ол соңғы қоңырау кешінде міндетті түрде өзінің мұғалімін биге шақыратынын айтқан. Өте көңілді болды. Сол күні кешке үйіне келіп, анасына «ет жейік» деген. Кейін барлығы демалуға жатқан, — деп еске алды Айжан Әбуева.
Белгілі болғандай, марқұм отбасындағы үшінші бала болған. Қазіргі уақытта тергеу барысында отбасылық қиындықтар болуы мүмкін деген нұсқа да қарастырылып жатыр, дегенмен сырт көзге отбасы жағдайы қалыпты болып көрінген.
Сынып жетекшісінің айтуынша, ата-анасы мектеп жиналыстарына үнемі қатысып тұрған және үйде қандай да бір мәселе немесе жанжал бар екенін ешқашан білдірмеген.