Жылдағы жаттанды жырдың бірі басталды. Оқу жылы аяқталған тұста болатын сол баяғы "түлектердің бітіру кешіне" қатысты мәселе көтеріліп, екі министрлік екі түрлі сөйлеу сценарийін тағы қайталауға көшті деп жазады Democrat.kz.
Оқу ағарту министрлігі бітіру кештерін мейрамханаларда, кафелерде және банкет залдарында өткізуге тыйым салды. Бүкіл әлеуметтік желіде бұл тыйымның салынғаны туралы ақпарат тоқтаусыз тарап жатыр.
Оқу ағарту министрлігі салған бұл тыйымның орындалуын кім қадағалайды? Бұл сұраққа нақты берілген жауап жоқ. Бар болғаны әр жердің полицейлері түлектердің банкет өткізбеуін қадағалайтынын айтады.
Ендігі қызық, полицияға бұл тыйымның орындалуын бақылауға өкілеттік берілмеген. ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов ішкі істер органдары түлектер қоғамдық тәртіпті немесе әкімшілік заңнаманы бұзған жағдайда ғана мәселеге араласатынын айтады.
Министр Жұлдыз Сүлейменова "тыйым салдық" деп, жауапкершілік жүгін ішкі істер органына артқысы келеді. Ал ішкі органдағылар бас жарылып, көз шықпаса, біз ештеңе жасамаймыз дейді.
Заңдық тұрғыдан қарасақ, кәмелеттік жасқа толған бала кафеге барып, тіреліп ішіп, қыз зорласа да, кортежбен қаңғып, жол апатына түссе де бар кінәсі үшін өзі жауап беретін жастағы азамат саналады.
Оқу ағарту министрлігінің осындай азаматтарға "тыйым салуы" - заңды білмеуінен туындаған ба, әлде аттестат алған баланы да бақылаймыз деген бос байбалам ба?
Оқу ағарту министрлігі тыйым салғысы келсе, ең бірінші мұғалімдерге түлектердің банкетіне қатысуына қатаң тыйым салуы керек-ау? Банкетке қатысатын мұғалімдердің кейбіреуі сол сәтті оқушыдан да бетер асыға күтетінін баласы мектеп бітіргендер жақсы біледі.
Түлектердің банкетінде кей мұғалімнің мойны, енді кей мұғалімнің саусақ, құлақтарына алтын тағылатынын екінің бірі біледі. Міне, министр Жұлдыз Сүлейменова тыйым салғысы келсе, сондай мұғалімдерін тыйып алсыншы.
Кей мұғалім мектеп бітіруші оқушыларының құлағын көтеріп, нені қашан, қалай өткізу керегіне ақыл беріп, банкет мәселесінде тым белсенділік танытатыны өтірік емес. Ондай мұғалімдердің бұл белсенділігінің астарында не жатқанын бесіктегі бала да біледі.
Бесінші сыныптан бері жетекшілік еткен сыныбының оқушылары мектеп бітірерде ешбір шараларына араласпай, тек өз міндетін орындап, сабағын өтіп, өзімен өзі жүретін мұғалім біздің елде өте аз.
Оқушысы мектеп бітіретін мұғалімнің бәрі болмаса да, көбісі түлектердің банкет күнін асыға күтетінін және оның басты себебін де жоғарыда айттық. Сондықтан өзімізді алдаудың керегі жоқ.
Әлеуметтік желіде ақылды түр жасап алып, "өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз" дей беру әркімнің қолынан келетін ең оңай шаруа. Ал мәселені шешуге күш салуға келгенде, көп кісінің қарасын көрмей қаламыз.
Санаулы күндерден соң, министр мың жерден тыйым салған банкеттер дүркіреп өтеді. Түрлі сұмдық оқиғалар болатыны да бесенеден белгілі. Ол оқиғалардың бірі жарыққа шықса, енді бірі жабулы қазанның кебін киеді. Жылда осылай. Әйтсе де, дәл осы мектеп бітірушілердің дарақы думанын бүгінге дейін ретке келтіретін бір министрді көре алмадық.
Бәлкім, министр Жұлдыз Сүлейменова түлектердің түрлі шараларына мұғалімдердің қатысуына тыйым салып, бір ерлік жасап қалар деген үмітіміз де жоқ емес. Ал кәмелеттік жасқа толған азаматтың кафе, ресторанда думандатуына тыйым салмақ болуы - министрді ақылды етіп көрсетпейді.
Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.