Әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев әлеуметтік желіде коучтар мен психологтардың қоғамға ықпалына қатысты басталған пікірталасқа араласып, өткір пікір білдірді, деп жазады Democrat.kz.
Әңгіме Threads желісіндегі жазбадан басталған. Желі қолданушыларының бірі отбасылық қарым-қатынас жөнінде кеңес беретін коучтардың сөзін сынға алып, мұндай контенттің ерлі-зайыптылар арасындағы қатынасқа кері әсер етуі мүмкін екенін жазған.
Осы пікірталасқа Қанат Айтбаев та қосылған.
Ол әлеуметтік желідегі «сөз еркіндігі» адамның ойына келгенін жауапкершіліксіз айтуына айналмауы керек деген пікір білдіріп, кейбір коучтар мен психологтардың контентін қатаң сынға алған.
Айтбаев мұндай адамдарды «заң жолымен тыю керек» деген пікірін де жасырмаған.
«Қоғамды әбден аздырып бітірді түрлі "коуч", "психологтар"», — деп жазған ол.
Қанат Айтбаевтың бұл пікірі қазір әлеуметтік желіде жиі талқыланатын үлкен мәселенің бір ұшын көрсетеді. Өйткені соңғы жылдары отбасы, ажырасу, ер мен әйелдің міндеті, бала тәрбиесі сияқты күрделі тақырыптарда кәсіби білімі бар-жоғы белгісіз адамдардың кеңес беруі жиілеген.
Бұл ретте Қанат Айтбаевтың айтқаны — оның әлеуметтік желідегі жеке пікірі.