"273 күн қалды": Ұстаздар бірінші жұмыс аптасының қалай ауыр өткенін айтып, ағынан жарылуда

"273 күн қалды": Ұстаздар бірінші жұмыс аптасының қалай ауыр өткенін айтып, ағынан жарылуда

Жаңа оқу жылы басталғанына небәрі үш күн өтсе де, әлеуметтік желіде мұғалімдердің шаршау, қағазбастылық, ата-аналар чаттары мен сынып жетекшілігінің ауыртпалығы туралы жазбалары көбейді, деп жазады Democrat.kz. Ұстаздардың пікірлеріне қарағанда, мұғалімнің жұмысы сабақ берумен ғана шектелмейді: сабақ жоспары, есеп-қисап, бірнеше чат, ата-аналармен байланыс, сынып жетекшілігі мен күнделікті ұйымдастыру жұмыстары педагогтің күшін сарқып жатыр.

Әлеуметтік желіде педагог Жұмадилова ұстаздардан: «Үш күн болды. Кім сабақтан шаршады, кім чаттан шаршады, кім адамдардан шаршады?» деп сұраған. Жазба жүздеген мұғалімнің үн қосуына себеп болды.

Пікірлердің басым бөлігінде бір ғана сөз қайталанады: «шаршадым».

«Бүгін үшінші күн. Таңертең ұйқыдан тұрғанда жұмыстан шығу туралы ой келіп жатыр. Энергия нөл. Тыныс алып үлгермей жатырмын», – деп жазды мұғалімдердің бірі.

Тағы бір педагог:

«Мен биыл бірінші рет сынып жетекшілік алмадым. Рахат екен, өз жұмысыңды істейсің болды. 1045 жауапкершілік жоқ. Біздің энергиямыз жұмыс басталмай жатып қағаз, есеп, компьютерге кететін. Содан балаға энергиямыз қалмайды», – дейді.

Бұл пікір ұстаздардың негізгі мәселелерінің бірін дәл көрсеткендей. Мұғалімнің жұмысы сырт көзге 40-45 минуттық сабақпен өлшенгенімен, оның сыртында көрінбейтін жұмыс көп.

«Чаттардан шаршадым»

Педагогтердің ерекше көп шағымданған мәселесінің бірі – ата-аналар мен мектептің түрлі чаттары.

«Чаттардан шаршадым», «чаттардан шатасып жатырмын» деген қысқа пікірлердің өзі жағдайды аңғартады.

Бір мұғалім сабақ кестесін сабақ басталардан бұрын ата-аналарға жіберсе де, таңғы сағат 07:56-да қайтадан «бүгін қай кітап керек?» деген сұрақ алатынын жазған.

Тағы бірі:

«Бір сағат бұрын ертеңгі сабақты жібердім. Енді "ертең қандай сабақ?" деп жазып тұр. "Жоғарыда жазулы ғой" десем, "уақытым жоқ, бес чат бар" дейді. Сонда олардың уақыты – уақыт та, біздікі ше?» – деп қынжылған.

Мұғалім үшін чат енді жай байланыс құралы емес. Кей педагогтің күні таң атпай ата-ананың сұрағынан басталып, кешке дейін түрлі есеп пен хабарламаға жауап берумен жалғасатыны байқалады.

Сынып жетекшілігі – бөлек жұмыс

Скриншоттардағы пікірлердің едәуір бөлігі сынып жетекшілігіне қатысты.

«Сынып жетекшіліктің бітпейтін қағазбастылығы шаршатты», – дейді бір ұстаз.

Енді бірі:

«Сынып жетекшілік алып тастайсыз ба деп сұрағалы отырмын, игере алмаймын», – деп жазған.

Жазба авторының өзі де оған: «Сынып жетекші жұмысы қатты көбейген», – деп жауап берген.

Ал бір педагог декреттік демалыстан жұмысқа шыққаннан кейін бірден 16 сағаттық жүктеме мен сынып жетекшілігі берілгенін айтып, «магистрім бар, әділетсіздік пе?» деп сұрайды.

Тағы бір мұғалім бірінші сынып алғанын, оған қоса сегіз сағат сабақ берілгенін айтып:

«Сонымен энергия бітіп, көп нәрсені ұмытып қалатын болдым», – дейді.

Бірінші сынып мұғаліміне тіпті қиын

Бастауыш сыныпқа, әсіресе бірінші сыныпқа жетекшілік алған мұғалімдердің жазбалары ерекше назар аударады.

Бір ұстаз:

«Бастауыш, бірінші сынып, 25 бала. 08:00-18:00 жұмыстасың. Есіме түссе, шаршап жатырмын», – деп жазған.

Тағы бірі 24 оқушы мен олардың 24 ата-анасын есептеп:

«50 адаммен жалғыз өзім», – деп әзіл аралас пікір қалдырған.

Ал декреттік демалыстан шыққан педагог «адаптация қатты болып жатыр» деп жазады.

Басқа мұғалімдер де «аяғым ауырып жүр», «үш күн болды, шаршадым», «алғашқы апта ауыр кетіп жатыр» деп бөліскен.

«Сабақтан емес, қағаздан шаршадым»

Пікірлер арасындағы ең маңызды ойлардың бірі – педагогтердің көпшілігі баламен жұмыс істеуден емес, қосымша міндеттерден қажитынын айтуы.

«Сабақтан шаршадым, чаттан шаршадым, адамдардан шаршадым – толық комплект», – дейді бір мұғалім.

Тағы бірі:

«Бірінші рет сынып алып жүрмін. Сабақ беріп шаршамай, қағаз жинап шаршап отырған жайымыз бар», – деп жазған.

Ал жас мамандардың бірі тәжірибелі ұстаздармен жұмыс істеудің өзі психологиялық салмақ түсіретінін айтқан.

Кейбірі оқу жылы басталғанына бірнеше күн ғана болса да, жұмыстан шығу туралы ой пайда болғанын жасырмаған.

Келесі бір ұстаз "25- майға 273 күн ғана қалды деп жүрміз" деп қалжыңдады. 

«Мұғалімдерді түсіне алар емеспін» дегендер де бар

Пікірлердің бәрі біржақты емес.

Білім саласында 30 жылдан астам еңбек еткен қолданушы керісінше:

«Неге шаршайсыздар? Жақсы мамандық қой. Қаншама баланың болашағына нұр сеуіп жатырсыз. Тәлім-тәрбие алып жатыр. Жалақыларыңыз ай сайын түседі», – деп ұстаздарға жігер берген.

Бұл пікірге де қарсы уәж айтуға болады. Өйткені мұғалімдер мамандығының маңызын жоққа шығарып отырған жоқ. Олардың айтып отырғаны – сол маңызды жұмыстың айналасына жиналған қосымша жүктеменің шамадан тыс көбейгені.

Мектептегі баламен тікелей жұмыс – мұғалім кәсібінің өзегі. Ал мұғалімнің күш-қуаты есепке, чатқа, қағазға және бітпейтін ұйымдастыру жұмысына жұмсалса, ең соңында оның зардабын мұғалім ғана емес, оқушы да сезінеді.

Жаңа оқу жылының небәрі үшінші күнінде жүздеген ұстаздың «шаршадым» деп жазуы жай әзіл немесе уақытша бейімделу ғана ма, әлде білім жүйесіндегі мұғалім жүктемесінің нақты белгісі ме?

Бұл сұраққа енді Оқу-ағарту министрлігі де назар аударуы керек сияқты.

Барлық жаңалықтар