Астанада «Әділет» атты жаңа саяси партияның құрылтай съезі өтті. Осы жиында партияның ресми жұмысы бастау алды. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген мыңға жуық делегат қатысты, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты BAQ.KZ -ке сілтеме жасап.
Съез кезінде қатысушылар ұйымның ресми атауын – «Әділет» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігі ретінде бекітті. Сонымен қатар партияның Жарғысы мен бағдарламасы қабылданып, басшылық құрамы жасақталды.
Делегаттардың шешімімен партия төрағасы қызметіне Дәдебай Айбек Арқабайұлы сайланды.
Біздің партияның алдағы қызметінің негізінде заңдылық пен тәртіп қағидаты жатыр. Дәл осы іргетас арқылы мемлекет пен қоғамның даму бағытын айқындаймыз. Адамдардың заңның күшіне сенуі – мемлекеттің ең басты ресурсы, оның тірегі әрі тұрақты дамуының кепілі, – деді Айбек Дәдебай.
Белгілі болғандай, «Әділет» партиясы өз жұмысын заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпке, тиімді мемлекеттік институттарды қалыптастыруға, өңірлердің әлеуетін күшейтуге және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға негіздемек.
Сонымен қатар ұйым әділетті әрі бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуға, әлеуметтік ынтымақ пен нақты қолдауды күшейтуге, адами капиталды арттыруға, цифрлық мемлекетті жетілдіруге, «Таза Қазақстан» бастамасын қолдауға, жауапты орта держава қағидатын ұстануға және жаңа геосаяси этиканы қалыптастыруға басымдық береді.
Партия идеологиясының өзегінде Қазақстанның болашағы әр азаматтың бүгінгі әрекетіне тікелей байланысты деген ұстаным жатыр. Яғни бұл – адал еңбек ету, заңды құрметтеу және қоғам өміріне бейжай қарамай, ел ісіне белсенді араласу дегенді білдіреді.