«Әділет» партиясының құрылтай съезі барысында саяси ұйымның төрағасы Айбек Дәдебай бағдарламалық мәлімдеме жасап, жаңа саяси бірлестіктің идеологиялық негіздері мен басты бағыттарын таныстырды, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты BAQ.KZ -ке сілтеме жасап.
Құрылтай съезінде сөз сөйлеген Айбек Дәдебай партия жұмысы заңдылық, тәртіп және қоғамдық жауапкершілік қағидаттарына сүйенетінін айтты.
Біздің партиямыздың негізі заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарына құрылады. Халықтың заң үстемдігіне деген сенімі – мемлекеттің басты ресурсы әрі тірегі. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – әділдікті жариялау ғана емес, оны ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне әрі күнделікті өміріміздің шартына айналдыру. Басқаша айтқанда, Әділдік ұлттық сана мен болмыстың айрықша сипатына айналуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз назарын үнемі дәл осы бағытқа аударып келеді, – деді Айбек Дәдебай.
Оның айтуынша, партияның негізгі міндеттерінің бірі – мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайту, сондай-ақ диалог пен жауапкершілікке негізделген саяси мәдениетті қалыптастыру.
Біздің ниеттестеріміз – дәл осындай азаматтар. Олар – белсенді, жауапкершілігі жоғары, ел дамуына үлес қосатын жандар. Біз бірге еңбек етеміз, жұмысты ашық, адал әрі қоғам алдында есеп бере отырып жүргіземіз. Біз жеңіл шешімдер ұсынбаймыз. Жүйелі, жауапты және дәйекті жұмыс жүргізуге уәде береміз, – деп атап өтті Айбек Дәдебай.
Сөз соңында Айбек Дәдебай съезге қатысушыларға атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, партияның алдағы бірлескен дамуының маңызын атап өтті. Сондай-ақ жиналғандарға алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.