«Бөтелкеге отырғызып, 11 млн теңге талап етті»: Түркістан облысының тұрғыны сұмдық жайтты баяндады

«Бөтелкеге отырғызып, 11 млн теңге талап етті»: Түркістан облысының тұрғыны сұмдық жайтты баяндады

Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны өзін белгісіз адамдар күшпен алып кетіп, қарумен қорқытып, ар-намысын таптайтын әрекеттер жасауға мәжбүрлегенін мәлімдеді. Ер адамның айтуынша, мұның соңы 11 миллион теңге бопсалауға ұласқан, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде EGOV.PRESS парақшасы таратқан видеода ер адам басынан өткен жайтты егжей-тегжейлі баяндаған.

Оның сөзінше, әлдебір адамдар оны күштеп алып кетіп, тапаншамен қорқытқан. Кейін одан өзінің бәсекелесіне телефон шалып, оның кәсібіне қарсы «қара магиямен айналысқанын» мойындауды талап еткен.

Алайда жағдай мұнымен аяқталмаған.

Ер адамның айтуынша, оны камераға түсіріп тұрып, энергетикалық сусынның бөтелкесіне бірнеше рет отыруға мәжбүрлеген. Кейін дәл осы видеоны жұртқа таратып жібереміз деп қорқытып, 11 миллион теңге талап еткен.

Жәбірленуші болған жайтқа байланысты полицияға бірнеше рет арыз жазғанын айтады. Алайда оның мәлімдеуінше, күдіктілер тексерудің жүргізілуіне түрлі жолмен кедергі келтірген.

Ең таңғаларлығы – ер адамның сөзінше, ақырында бұл оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық іс жабылып қалған.

Қазіргі таңда видеода айтылған ауыр айыптауларға қатысты құқық қорғау органдарының толыққанды ресми түсініктемесі жарияланған жоқ. Сондықтан ер адамның мәлімдемесіндегі жайттардың барлығы тергеу арқылы тексеріліп, заңдық бағасын алуы тиіс.

Әсіресе адамды күшпен әкету, қарумен қорқыту, қорлау сипатындағы әрекеттерге мәжбүрлеу және миллиондаған теңге бопсалау туралы сөз болып отырғанын ескерсек, істің не себепті жабылғаны да қоғам үшін маңызды сұрақ болып отыр.

Democrat.kz редакциясы Түркістан облысының полиция департаменті мен прокуратурасының осы жайтқа қатысты ресми түсініктеме беруін күтеміз.
:::

Видеоны жариялаған EGOV.PRESS жазбасында да ер адамның Сайрам ауданының тұрғыны екені, одан 11 млн теңге талап етілгені және кейін қылмыстық істің жабылғаны көрсетілген.

Барлық жаңалықтар