Таяуда "Аллаға сенбейтіндерді мұсылманның зиратына емес, христиандардың зиратына жерлеу керек" деп бейіттің басында уағыз айтқан уағызшы Талғат Бақытұлының үстінен қоғам белсендісі Нұргүл Мұхамед ҰҚК-ге шағым түсіргенін хабарлады деп жазады Democrat.kz.
Еске салып өтейік, уағызшы Талғат Бақытұлының "Тәңіршілер мұсылман зиратына жерленбейді. Оларды христиан зиратына жерлесін!" деп бейіт басында уағыз айтып, қоғамды дүрліктірген болатын.
Діндардың бұл айтқан сөздеріне байланысты қоғам белсендісі Нұргүл Мұхамед тиісті органдарға шағым түсіргенін мәлімдеді.
"Тәңіршілдерді христиан зиратына жерлеу керек деп Конституцияға қарсы үкім шығарған имамды Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сотқа бергенмін.
Бас прокуратура бұл мәселеге Муфтият жауап береді деген жауап жолдапты. Мен қайта шағым түсірдім. Қазақстан жері Муфтиятқа тиесілі болса, сол бапты көрсетуді талап еттім. Әзірге жауап жоқ.
Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитетінен жауап келді, істі сараптамаға жіберіпті, нәтижесі 24 күнде дайын болады екен.
Дін істері бөлімінде дінтанушылар емес, тек исламтанушылар отырғандықтан, алдын ала жауаптың қандай болатынын шамалап отырмын.
Сотқа беру үшін сараптама қорытындысын күтемін. Бұл жолы принципті түрде соңына дейін барамын", деген Нұргүл Мұхамед ҰҚК тарапынан өзіне келген ресми жауаптың фотосын жариялады.
