"Қылмыстық жауапқа тартылуы керек!": Динара Сәтжан мәлімдеме жасады

"Қылмыстық жауапқа тартылуы керек!": Динара Сәтжан мәлімдеме жасады

Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты екінші сот отырысы өтеді. Тележүргізуші әрі кәсіпкер Динара Сәтжан әлеуметтік желідегі парақшасында осы іске байланысты пікір білдіріп, қайғылы оқиғаға тек айыпталушы ғана емес, қызды дер кезінде қорғай алмаған жауапты тұлғалар да құқықтық баға алуға тиіс екенін айтты деп жазады Democrat.kz.

Іс бойынша 29 жастағы Шерхан Аймахан күдікке ілінген. Динара Сәтжанның жазуынша, ол өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр. Сотта оның мүддесін төрт адвокат қорғайды.

Нұрай Серікбай небәрі 21 жаста болған. Ол Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының төртінші курсында оқып, болашақта киім дизайнері болуды армандаған. Алдында үлкен жоспары мен мақсаты болған бойжеткеннің өмірі қайғылы жағдайда қиылды.

Динара Сәтжан бұл оқиғада полиция қызметкерлерінің әрекетіне де назар аударды. Оның пікірінше, Нұрайдың отбасы бойжеткеннің Шерханның үйінде 12 сағаттан астам уақыт ұсталғанын айтып көмек сұраған кезде, құқық қорғау органдары оны тиісті деңгейде қорғай алмаған.

«Нұрайды полиция қорғай алмады. Отбасы оны Шерханның үйінен алып шыққан күні қызметте болған, сондай-ақ арыз жазбауға үгіттеген полицейлер де осы қайғылы оқиға үшін жауап беруі керек деп есептеймін», – деді ол.

Тележүргізуші қыз алып қашуға қатысқан туыстардың әрекетіне де құқықтық баға берілуі қажет екенін айтты. Оның сөзінше, адамның еркінен тыс ұстап, некеге мәжбүрлеуге қатысқан адамдар жауапкершіліктен тыс қалмауға тиіс.

Бұл іс қоғамда қыз алып қашу дәстүрі деген желеумен жасалатын заңсыз әрекеттерге қатысты өткір сауал туғызды. Адамды еркінен тыс әкету, үйде ұстау немесе некеге мәжбүрлеу салт емес, адамның бостандығы мен қауіпсіздігіне қол сұғу болып саналады.

 

Барлық жаңалықтар