Ақымақтарға ерегіскенде, таза қазақша сөйлейікші

0
283

Таза тіл жоқ қой дүниеде. Жарайды, молда білімсіз, «70 пайыз, анау-мынау» деп әр жерден естіген бірдемесін асырып айта салды (АҚТАМАЙМЫН, неге өйтті, жалпы имамдарымыз неге білімсіз – бөлек мәселе).

Ал сіздер білімдісіздер ғой, неге шыр-пырларыңыз шығады? Пайыз ба намыстарыңызға тиіп бара жатқан? Жарайды, 30 пайыз деңіз. Тіпті 10-ға түсірейік (одан төмен түсе алмаймын). Содан не өзгереді? Қазақ тіліне енген парсы сөздерінің сөздігін жасаған Нұртас Оңдасынов ақсақалдың кітабы қолымда тұр.

Керемет еңбек. Қазақ тіліндегі араб сөздерінің тізімін жасаған ғалымдарымыз тіптен көп («мектеп», «қалам», «кітап», т.б. сөздерді көбіңіз жазып та қойдыңыз, оған тоқталу қажет емес). Қараңыз, оқыңыз. Зерделеңіз. Қиын, иә?

Кітапты іздеп табу бар (интернет-нұсқа туралы мүлде сөз жоқ), о бәлені табақтай ғып қолыңа ұстау бар, сосын (о, құдірет!) ОҚУ деген… вагоннан көмір түсіргендей ауыр жұмыс бар. Не азап? Одан да отыра қалып, жоққа шығарған оңай – келісемін.

Қазір «адарғы» деген сөзді білетін қазақ көп пе? Аз ғой деп ойлаймын. Өйткені өрмек тоқу қазақ тұрмысынан кетіп барады. «Дөдеге» деген сөзді де бәріміз бірдей дөп түсіне береміз бе? «Түгел» дей алмасақ керек.

Халықтың күнделікті тіршілігімен байланысы жоқ ұғымдар бірте-бірте ұлт санасынан өше береді, оның орнын айналасындағы (ұлт оңаша өмір сүрмейді ғой) басым тілдердегі нұсқалар баса бастайды.

«Нан» – көне парсы сөзі. Осыны оқи сала «сонда қазақ парсымен танысқанша нан жемеген бе?» деп кемі жиырма адам жағама жармасайын деп отыр. Жоқ. Жеген. Бірақ оны «нан» деп атамаған ғой. «Иппак» деген (сақ-ғұн тарихын оқыңыз).

Қазіргі түрік тіліндегі «йемек» (жемек, тамақ) деген сөз – сол ескі сөздің сақталып қалған жұрнағы. Ал біз нан деп кеттік. Қазақ сөзіне, ұғымына айналып кетті. Ешқашан одан бас тартпаймыз. Сол замандағы ҮСТЕМ МӘДЕНИЕТ дегенін істеді.

«Пәуеске» дейміз. Ол – «повозка» ғой (орыс сөзі). «Бөкебай» дейміз. Ол – «пуховыйдың» өзгерген түрі. Әжем марқұм өмір-бақи «пәмілдәрі» деумен кетті, «помидорға» тілі келмеді сол күйі. КЕЙІНГІ БІРЕР ҒАСЫРДАҒЫ ҮСТЕМ МӘДЕНИЕТ тағы да дегенін істеді.

«Қазақта сонда мүлде сөз болмаған ба? Мылқау болған ба?» деу – аңғалдау ағайыннан лайк жинау үшін өтімді шығар, дегенмен халықтың тілі үнемі дамумен, араласумен, өзгеріп-түрленумен өрбитінін түсінетін жұрт үшін – құны көк тиын пікір.

Осындай сөздерді тізе берсең, күн-түн бітпейді.

Дүниеде таза тіл болмайды. Ағылшынның өзінде роман (француз, испан, т.б.) тілдерінің ықпалы байқалады. Испанда да (байқап қалдым) бөтен сөздер өріп жүр.

Баяғыда бізге сабақ берген Амантай Шәріп ағамның айтуынша, орыс тіліндегі «А» әрпінен басталатын «авось» секілді санаулы ғана славян сөзі бар, қалғаны – түркі, француз, балтық, анау-мынау екен… Содан орыс ыңғайсызданып отыр ма? «Абажурдан» бастап бәрін өзіне сіңіріп, қылғытып, «тағы қандай сөзің бар, нөміріңді айт, жалмауыз?» деп жұтынып отырған жоқ па? Айтсаң, мойындамайды.

Сіз қазақ тіліндегі орыс, араб, парсы сөздерінің пайызымен алыспай, ҚАЗАҚ ТІЛІ деген өз ана тіліңізді дұрыстап меңгеріп алсаңызшы әуелі. «Привет, брат!», «да конечно, обязательно», «просто үлгермедім»… Не сөз осының бәрі?

Орысша қосып сөйлейтіндерге, жазатындарға ескерту жасасам, «ой, аузымыз үйреніп кеткен ғой» деп ыржалақтап күледі-ей. Сонда… сол ауыз кімдікі? Ауызға, тілге иелік ететін БАС, МИ деген жоқ па? «Үйреніп кеткен ауызды» ауыздықтау туралы ой келмей ме екен сол басқа?

Өзіміз нағыз қазақ болайық. Тілдің «таза пайызын» сақтайтын сіз бен біз емес пе? Балаларымызды соған тәрбиелейік те! Әйтпесе ертең «адарғы» мен «дөдеге» жайына қалып, «Адал… это что? А, халал? Колбаса, что ли?» деп отыратын ұрпақ келеді.

Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.