Қазақстандықтардың қанша қарызы кешірілген?
2023 жылдың наурызынан бастап Қазақстанда 100 мыңнан астам адам өзін банкрот деп тану үшін өтініш берген. Бұл туралы бүгін сенат кулуарында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, осы 100 мың адамның ішінде әзірге 15 984 адамның өтініші қанағаттандырылған.
«Былтыр наурыз айынан бері 15 984 мың адам банкрот болып жарияланды. Олардың банкроттыққа кеткен қарыз көлемі 36,3 млрд теңге. Банкроттыққа 100 мыңнан астам адам өтініш түсірген. Соның ішінде біз 16 мыңға жуық өтінішті қанағаттандырдық», — деді ол бүгін сенатта.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы 3 наурызда елімізде банкроттық туралы заң күшіне енді. Қазақстандықтарға қарыз мәселесін шешудің үш жолы ұсынылған: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі 1600 АЕК-тен, яғни 5,9 млн теңгеден аспайтын борышкерлер соттан тыс банкроттық рәсімін қолданады. Банкроттыққа өтініш ХҚКО-да, электронды үкімет порталы, сондай-ақ e-Salyq Azamat және eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы беріледі.
Алты айға созылатын рәсім барысында борышкердің және оның жұбайының шотта ақшасы немесе мүлігі бар ма, жоқ па, барлығы тексеріледі.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.