Қазақ қыз сәбиді неге қырқынан ерте шығармаған?

0
377

Қазір қоғамда қазақ ұлтының жеке мұрасы болып табылатын дүниелерді мың айналдырып, шариғат шеңберіне күшпен кіргізіп, ақырында араб ұлтының дүниесіндей түсіндіретін қауым пайда болғаны мәлім.

Сонымен қатар қазақ даласына дін келмей тұрып, бұл қазақ надандықта, қараңғылықта дал-дұлы шығып күн кешкендей етіп сипаттайтын білгіштер де шығуда.

«Қазақтың 70 пайыз сөзі — арабтыкі» дегендер қазақ ұлтының дін келмеген сонау ерте заманда-ақ қоршаған айналаның әрбір құбылысын тереңнен зерттеп, анықтап, дәлелдегенін әрине айтпайды.

Халқымызда ескіден келе жатқан ырым-тыйымдар бекерге шықты ма? Ата-бабамыз майлы сорпаға тойып алып, жәннаттағы хор қыздарын аңсап отырып, ойына келгенін айтып, бәдігін сапырмағаны анық.

Мысалы, мынау төмендегі ырым-тыйымдарға назар салыңызшы. Барлығы зерттеліп, зерделенген, дәлелденген дүниелер емес пе?

***

Қазақ баланы санамайды және санын айтпайды.

Қалжа жемеген әйелдiң баласы ынжық, болбыр, икемсiз болып өседi.

Баланы бесiкке саларда ешкiм сөйлемейдi. Егер бiреу сөйлеп қойса, была жылауық, өскенде өсекшi болады.

Сәби шалқасынан жатып башпайын тiстесе, оны “үйiрiн шақырып жатыр” деп ырымдайды. Яғни оның соңынан тағы бiр бала келедi деген ұғым бар.

Сәбидiң қырқынан шыққанда қарын шашын алмаса – қарғысы қатты болады.

Балаға қарғыс өтпеу үшiн оны үш кемпiрдiң бұтынан өткiзiп алады.

Үйге кiрiп келе жатқан бала есiк алдына құлап қалса – үйге береке, ырыс, байлық келедi. Оны төрге апарып үш рет аунатады.

Жүктi әйел шашын кессе – iштегi бала кемтар болып туады, бақыты кесiледi.

Сәби шалқасынан жатып ұйықтаса – елге белгiлi азамат болып өседi, бүк түсiп ұйықтаса – уайымшыл, жiгерсiз болып шығады, етпетiнен жатып ұйықтаса – ойшыл болады.

Балаға асық етiн мүжiтпейдi. “Алты жыл аш болсаң да, асық етiн мүжiме” деген бар.

“Бойы өспей қалады” деп, жас балаға бұғана ұстатпайды.

Қыздың басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгiсi.

Есiктiң тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетiн, екi алақанын, екi табанын жуса, тәуiр болып кетедi.

Қалы үлкейiп кетпесiн деп, қалымен туған балаға “Қалдыгүл, Қалдыбай” деп ат қояды.

Әйел итке тас лақтырса – үйдiң ырысы кетедi, әйелдiң бағы қайтады.

Аты сүрiншек болады деп балаға төстiң сүрiншегiн жегiзбейдi.

Жеңiлтек болады деп қыз баланы қырқынан ерте шығармайды.

Келiн атасы мен енесiнiң төсегiне отырмайды.

Толғағы қатты болады деп екiқабат келiншекке толарсақ жегiзбейдi.

Жас босанған әйел 40 күнге дейiн қолын суық суға малса – баласы тас бауыр болады.

Бөбек мезгiлiнде еңбектемесе – оның бауырынан тағам толы табақ өткiзедi, сонда тез еңбектеп кетедi.

Сәбидiң тiлi мезгiлiнде шықпаса – нағашысының үйiнен апарып, бiр қойды сойдырып, соның көтеншегiмен буындырады….

Ақпарат желіден алынды.
Авторы — этнограф Сейіт КЕНЖАХМЕТОВ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.