Мектеп — шашты жалбыратып, тырнақты бояп келетін жер емес

0
2955

Мектебімізге жаңа директор келіп, түрлі жаңалықтар болып жатыр дейді бізге хабарласқан алматылық ата-ана Сарыбаева Гүлсім.

«Директорымыз келер-келмес, мектептің бүкіл ата-анасын жинап, жиналыс өткізді. Жиында өзінің Ата заңға сүйеніп, мектепте темірдей тәртіп орнататынын шегелеп тұрып айтты. Соны айта отырып, директор ата-аналарға: «Балаңыз басқа жаққа емес, мектепке келе жатқанын ұмытпасын. Мектеп — білім мен тәрбиені қатар беретін киелі жер. Сондықтан бұл жерде балаңыздың біліміне де, тәрбиесіне де қатысты дүниелер айтылады. Тәртіпке бағынбаған оқушы жазаланады»,- деп баланың білімі мен тәрбиесін екі жақтап қолға алуды айтты. Директордың бұл жиында не айтпақ болғанын аса аңғармаған екенбіз.

Арада 2-3 күн өтер-өтпес, басталды. Әлеуметтік желідегі ата-аналар чаты шағымнан жарылып кете жаздады. 5,8,11 сыныпта балаларым оқиды. Осы үш чаттағы ата-аналардың жаңа директордың тәртібіне байланысты наразылығын көрсеңіз.

«Қызымның маникюріне ескерту жасап, ертең тырнағың бояусыз, маникюрсіз болсын депті», «менің ұлымның шаш үлгісіне тиісіп, «шашыңды қысқартып алдыр» депті», «қызымның шашындағы бояуын айтып, бір түсті етіп кел депті», «ұлымның шалбарының балағын ұзарт депті», «қызыма етегі тізеден түсетін белдемше ки депті»… міне, осындай шағым қардай борады.

Өкініштісі, ата-аналардың басым бөлігі мектеп басшылығының бұл ескертуін құптамай, «баланың құқығын бұзуда» деп ашуланып жатыр. Директордың бұл әрекеті «баланың құқығын бұзу болып табыла ма?» дейді оқырманымыз Гүлсім апай.

Осы мәселеге қатысты заңгер Альбина Ахметова: «Егер оқушыға дауыс көтеріп, дөрекі сөздер қолданып, мысалы, «шашыңды жалбыратпай, қысқарт» десе, онда мектеп басшылығының бала құқығын бұзғаны болып табылады.

Ал жай ғана келіп, ескерткен болса, онда мектеп басшысының әрекеті заңды. Сонымен қатар әрбір оқушы өзі оқитын мектептің ішкі ережесіне бағынуға және талапқа сай бекітілген мектеп киімін киюге міндетті. Киімнен бөлек, әрбір оқушының шаш, тырнақ, беті-қолының тазалығы, ұқыпты етіп кесілуі —  ең алдымен гигиеналық жағынан маңызды. Мектеп — шашты жалбыратып, тырнақты өсіріп, сақал-мұрт қойып келетін жер емес», — дейді.

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.