Талайдың тағдырын талқандаған интернет-притон жұмысын әрі қарай жалғастыра ма?

0
227

Kyzdar.net интернет-притонын ұйымдастырушылар жауапкершіліктен жалтарып кетті. Ішкі істер министрлігі бұл сайттың 11 топ-менеджеріне қатысты қылмыстық істі тоқтата салды. Бұл туралы Informburo.kz журналистеріне ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

ІІМ хабарлауынша, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 309-шы бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.

«Бірақ тергеу органдары сол кезде заңнамада болған олқылықтарға тап болды. Атап айтқанда, бұл бапта «интернетті, телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып жасалған жеңгетайлық (сводничество)», «жезөкшелікті насихаттау және жарнамалау жолымен жеңгетайлық» деген ұғымдар жоқ болып шықты. Осыған байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Айта кететін жайт, құқық қорғау органдары Kyzdar.net арқылы онлайн жеңгетайлықпен айналысатын 11 адамды 2023 жылғы наурызда тұтқындаған болатын.

Олар жезөкшелікпен айналысатын әйелдердің, ерлердің басын қосып, олардың қызметін жарнамалайтын сайт ашып, сонда фотоларын орналастырған. Ресми дерек бойынша Kyzdar.net сайтының менеджерлері күн сайын (!) 2 миллион теңгеге дейін табыс тауып отырған. Одан, әрине, мемлекетке салық та төлемеген.

Қазақстан билігі бұл сайттың жұмысын толыққанды бұғаттап тастай алмады. Өйткені ол отандық емес, америкалық интернет провайдерлерге тиесілі хостингтерде орналасқан көрінеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, бүгін олар Kyzdar.net-ті бұғаттаса, ертең Kyzdar2.net, Kyzdar4.net және басқасы пайда болады. Оны іздеуші немесе тұрақты тіркелген клиенттері автоматты түрде соларға бағытталады.

«ІІМ тапқан сайын Kyzdar.net сайтына сілтемелерді бұғаттау туралы Мәдениет және ақпарат министрлігіне тұрақты негізде хаттар жолдайды. Алайда бұл ресурс жедел түрде домендік атауын өзгерту және жаңғырту тәжірибесін қолданады. Сол арқылы ол қолжетімді болып қалуда», – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі.

Оның үстіне 11 топ-менеджерін бостандыққа қоя берсе, олар сайттың қызметін жетілдіру ісіне өзіндік үлесін қосып, бар біліктілігін салуы мүмкін. Себебі, сот тарапынан айыпталмағандықтан олар тіпті тұрақты пробациялық бақылауға да алынбаған.

Сондай-ақ министрлік сайтқа қанша адам кіретінін де анықтай алмапты.

Кейінгі жылдары, кем дегенде 2017 жылдан бері қарапайым қазақстандықтар тарапынан құзырлы органдарға «Қыздар.net» ресурсына қатысты арыз қаптады.

Азаматтар мысалы, оның кездейсоқ адамдардың демалыс кезінде түсірген «ашық-шашық» суреттерін жеңгетайлық істерін жарнамалау мақсаттарына пайдаланатынына шағымданды.

Содан Ішкі істер министрлігін генерал Қалмұханбет Қасымов басқарып тұрған тұста, полиция «Қыздар.net» порталына қатысты қылмыстық іс қозғады.

Оны Астана қаласының Сарыарқа ауданының ІІБ-і жүргізген екен. Бірақ әлгінде айтылғандай, ол кезде интернетте және әлеуметтік желілерде жеңгетайлықты жүзеге асыру үшін қылмыстық бап болмады.

Талай инстанцияға шағымданған зардап шегушілердің бірі – Руслан Ы. Оның айтуынша, 2017 жылдың 5 маусымында Орал қаласында тұратын танысы Жақсат деген жігіт қоңырау соғып, төбе шашын тік тұрғызған бір жайтты хабарлайды.

Жақсатқа «ВКонтакте» арқылы Нұрсая Төлепова есімді белгісіз кісі достығын кабылдауды сұрап жүгінеді. Бұл келіншек таныс болмаған соң, ол туралы ақпарат  алмақ болып, Нұрсаяның «ВКонтактедегі» парақшасын парақтайды.

Соның барысында Жақсат Русланның фотосына жолығады, онда оның «интимдік қызмет көрсететіні» жазылыпты. Мұны біле сала, Орал тұрғыны елордалық танысына телефон шалады.

«Мен де сілтемемен өтіп, дереу қарасам, фотом тұр. «Қыздар.net» сайтында сексуалдық ақылы қызметтер көрсететін адам ретінде №20537 нөмірмен тіркеліппін. Масқарасы сол, әйелім Гүлнардың да фотосын басқа бір атпен тіркеп қойыпты. Менім паркте балаларыммен жүріп түскен суреттерімді салыпты. Әрі қарай басы жоқ белгісіз кісінің тыржалаңаш суреттері қоса берілген. Астында күнделікті қолданатын ұялы байланыс нөмірімді көрсетіп қойған. Салдарынан отбасымда күнде айқай ұрыс туындады. Фотода балаларым бейнеленген. Еркек басыммен қылар пәрменім жоқ болып, пұшайман күйге түскен жаман екен. Кешкілік телефоныма белгісіз кісілер қоңырау соғып тұрды. Мұны бәлкім, біреу ақша бопсалау үшін ұйымдастырған болса керек», – дейді Руслан.

Полицияға айғақ болуы үшін ол өзіне қоңырау соғып, қызмет ақысы бойынша саудаласып, үйіне шақырған бір жігіттің сөзін жазып алып, шағымына қоса тіркеген екен.

Мұндай шағымдардың бұрын немен аяқталғаны белгілі. Шағым иесінің айтуынша, ІІМ-нің берген жауабында «аталған парақшалар шет мемлекеттердің жүйесінен болған соң, «Қыздар.net» парақшасы Қазақстанда тіркелмеген» депті. «ВКонтакте» Ресейде тіркелгендіктен «одақтасқа» сұраныс хат жіберілген, бірақ одан да жауабы болмапты. Енді тиісті қылмыстық баптар күшіне енген соң полиция пәрменді шара қабылдайды деген үміт бар.