Мұғалім мектепке не үшін, қандай мақсатта келгенін түсінуі керек

0
186

WALS 2024 халықаралық конференциясының ашылу рәсімінде Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жақсы мұғалімнің үш негізгі қасиетін атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

«Бүгінде білім алушылардың не ойлайтынын түсіну, оларды мұқият бақылау, немен айналысып жатқанын, қалай өзара араласатынын, білімге деген қызығушылығы қандай екенін байқау маңызды. Ойлау дағдысы мен үздік болуға деген ұмтылысын үнемі арттырып отыру қажет. Ендеше, ең алдымен, педагогтер білуі керек жақсы мұғалімнің үш негізгі қасиетін еске түсірейік. Біріншіден, бұл оқушыларға бірлесе оқу мен дамуға көмектесуге аса ден қою. Мұғалім мектепке не үшін және қандай мақсатта келгенін түсінгені маңызды», – деді ол.

Екіншіден, вице-премьердің айтуынша, мұғалім өз пәнін жақсы көріп, адами қасиеттерге, яғни, адамның жеке басын құрметтеп, мейірімді әрі диалогке дайын болу керек.

Сабақты қалай табысты өткізуге, оқушылардың қалай білім алатынына, балалардың қандай дағдыларын дамыту керектігіне мән беру қажет.

«Сондай-ақ, үшіншісі – позитивті ой. Мұғалімнің міндеті – оқушыны қолдау, ынталандыру, проблеманың шешімін табуға көмектесу. Сондықтан оқытуда ынтымақтастық процесі өте маңызды. Біз оқушының дүниетанымы мен әлем туралы көзқарасы мектеп кезеңінде қалыптасатынын естен шығармауымыз керек. Сондықтан еліміздің ертеңі оқушыларды тәрбиелеу жүйесін қандай негізде құратынымызға байланысты болмақ. Біз бала бойына адами қасиеттерді сіңіріп, өзі мен еліне, ата-анасына адал болуға тәрбиелеп, құндылықтарды дарытуымыз қажет. Бүгінгі біздің конференциямыз педагогика ғылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Түрлі елдердің жас әрі тәжірибелі ғалымдарымен пікір алмасуға сеп болып, ғылым мен практиканы ұштастыруға ықпал етуде. Мен осындағы әрбіріңізден зор әлеует пен жасампаз энергияны байқап отырмын», – деді Тамара Дүйсенова.

Айта кетейік, «Сабақты зерттеу: үздік оқу мен оқытуға ұмтылу» тақырыбымен өтіп жатқан WALS-2024 конференциясына 30-ға жуық елден мамандар келген.

Негізгі спикерлер қатарында әлемдік білім берудің ең беделді сарапшылары: Норвегиядан Ойстейн Кристиансен, Литвадан Дариус Радкевичюс, Ұлыбританиядан Сара Селезнев, Жапониядан Ширли Тан, Германиядан Клара Кагер бар.

Фото интернеттен алынды.