«Қазақ деген ұлы халықтың тамырын шірітіп жатырмыз» дейді жазушы
Қазіргі қоғамның дерті туралы… «Ел іші-былық кеніші екен ғой…» Советте осы тегі заман тыныш, адам түзу сияқты көрінетін. Идеологияның мұртын балта шаппайтын. Қазір ше? Идеология бар ма? Қандай?
Алла сақтасын, жүйке жұқарды. Бәленбай қабаттан секіріп кеткен балалар, түгенбай қабаттан әйелін лақтыра салған еркек, жамбас сүйегін ажыратып тапқандарын тұншықтырып өлтірген қатын, жалған дипломмен білім берген мұғалім, әскерден қайтқан табыт… бітпейді.
Оны қойшы, төсек қатынасын дәріптеген сайқалдар мен “тозақ…тозақ” деп кіжінген имамдар. “Алла жоқ!… арабқұлдар”- деп тапсынған тәңіршілер. Ми ашып кетті.
Білесіз бе, баланың психикасы бұзылды. Ызақор, енжар, селқос, күлегеш, сөзшең ұрпақ өсіп келеді. Мұғалімге сын да, талап та күшті, тағы. Мына жақта ақпараттың бәрі ашық, ар-аймандай, сыр-жайындай былығып тұр, мұғалімге ұрпақтың білімі мен тәлімін міндеттеп, шіреніп отыр, атаңның аузын ұрайындар!
ТикТоктың көзін құртуға болмай ма?
Заң шешендері мен шеберлері кәмелетке толмағандарды рәсімдеп, сайтан сайттарға кіруге тыйым салуға миы жетпей ме? Балаға смартфон алсаң, номерін сенің атыңа тіркейді.
Сосын, “Қош келдің құтырған әлемге!” деп жайылып түседі бұзық әлем, балаңа. Неге балаларға тарифтер ойластырылмайды? Неге оларға рұқсат пен тыйым екшелмейді?
Мектепте оқушылардың телефондарын жинап алып, сейфтерге салып тастаймыз. Кетерде тарқатып береміз. Құдды, осы іс заңнамамен бекітілгендей. Міндеттелгендей. Ауаға жазылған, ақысыз жұмысы қисапсыз пақырлар ғой, мұғалім деген.
Кез келген оқушының телефонын аштырып, үңілсең ар жағында алапат, былапыт әлем етегін көтеріп, талтайып отырғандай ашықтан-ашық далиып жатыр. Бізге ғана керек пе баланың сарасы мен санасы? Қоғам болып тындыратын істі неге тындырмаймыз? Сұмдық қой мынау!
Құпия қалмады. Ар жоқ, ұят жоқ. Сексті дәріптеп, түкірігі шашырап желіде отыратын ж…ға тыйым жоқ па?
Сүйісу мен жанасуды кім білмейді? Сол да өнер ме? Өнеге ме? Жексұрындарды мұрнынан тесіп жетелейтін органдар қайда?
Уа, қазақ!
Түзелеміз бе, жоқ па? Жаңқоштың қалай неткенін, Әнқоштың қалай кепкенін, Амилайдың сөз саптауын, тағы бір қояншықтың төсек өнерін насихаттағанын ынты-шынтысымен тыңдап жүрген балаларыңа Абайды жаттатып көрші. Тілдік қоры нөлге тең бүгінгі ұрпақтың.
Тізгенім бір тоғыз, тізбегенім тоқсан тоғыз. “АЭС саламыз” деп салпаңдап, сандырақтамай, тәртіп орнатыңдаршы, Құдай үшін! ЭКСПО салдыңдар ғой, төрткүл дүниені тамсантып… Қаңсып тұрған жоқ па?!
Әр ата-ана баласының немен әуес болып, нені үйреніп, нені қызықтап жүргенін бақыласын да. Шамаларың жетсе, құртыңдар көзін тиктоктың!!!
Тикток-тек к@т боп жатыр, біле білсеңдер. Баланың номерін ата-анаға тіркей салмай, “балалар тарифін” шығарсын ақша жұтар жалмауыздар, ай сайын бағаны көтеріп, келсаптай кеппей.
Оларға баланың да, ананың да бір тарифте отырғаны қолайлы. Пұл түссе болды. Таңғы 8.00-ден, түнгі 20.00-ге дейін ғана ашылсын балалар тарифтері. Содан таңға дейін отырып алып өсекті айтасың ба, төсекті айтасың ба, езуің жыртылғанша айт!
Жетесіздер!
Білім саласында жанұшырып жүрген біледі бүгінгі бала, ертеңгі ұрпақтың бейнесін. Қирайын-қирайын деп тұрған қаншама дүние бар бізде. Соның бірі-білім саласындағы кемиек кемшіліктер. Мұның жайы тесік құбырды қолымен жапқандай жасырып жүрген ұстаздарға мықты таныс.
Кеше бір ата-ана жазыпты атышулы тиктокқа: “Неге мектепте оқыған бала қосымша ақылы курс оқып, ҰБТ-ға дайындалуға мәжбүр?”-деп. Жауап беріп көріңіздерші, педагог-ғалымдар.
Оқулықтарды сапырыңыз. Әр сыныптағы, әр оқулықтағы грамматикаларды суырып жазып, жүйелеп көріңіз! Жүйе тапсаңыз, ретті болса, грамматикалық жүйе көңіліңізден шықса, ел алдында басымызды иіп тұрып кешірім сұрайық!
Болмаса, берсін жауапты “сөйлегіштер!”
Данышпандар!
“Бала, өмірінде пайдаланбайтын басы артық теориялар мен заңдарды, грамматикаларды мектепте оқытудың қажеті жоқ!”-деген қағида бар жаңартылған бағдарламада. Оқулық та осы түйінмен жазылған. Дым жоқ ішінде.
Бүкіл пәндерді тайқазанға салып, араластырып-араластырып бөле салғандай, оқулықтар… Ол тағы оқушының да, мұғалімнің де басты құралы емес, “қосымша ресурс” деп табылады.
Нұсқаулық бір жаққа, оқулық бір жаққа қарап ұлып тұр. Қазақ тілінен “синоптика”, “дәрумендер” сияқты бөлімдерді оқытамыз. “Якобы” бала білуге тиіс ақпараттар.
“Білім” деуге келмес. Мұны оқытатын ғылым бар емес пе? Ал жағрапия, биология, физикалардың тақырыбы лағып, әр оқулықта жүр. Сосын, барады да ақылы курсқа. Қайтеді басқа????
Ендеше, ҰБТ-ның тестерін де дәл осылай құрасын!
Бізге грамматиканы жаңғақтай шағып тұрып оқытты. Жілікті шағып, майын ішкізгендей жаттатып жіберетін, ұстаздар. Советте туды демесең, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның балаларынан сауатты едік. Не енді мынау?
Екі сөздің басын құрап, сауатты жаза да алмайды, екі сөздің басын қосып, көркем сөйлей де алмайды қайран балалар. Қайраңдап қалдық. Кім кінәлі? Мұғалім бе?
Өте өкінішті!
Бірін айтып, біріне кетті дерсіздер, үңілсеңіз, “қазақ” деген ұлы халықтың тамырын шірітіп жатқанымызды көрерсіздер! Құнарсыз топыраққа дәнек салып, оны удың мың түрімен суғарып, жеміс күтіп жүрген есалаңдар сияқтымыз!…
Тәлім-жатырдан басталып, бесіктен бел алып, тәй-тәйдан дамуы керек!!! Одан кейінгісі-КЕШ!!!
Ертең мәдениетіңе, әдебиетіңе, ғылымыңа, ұғымыңа кім ие болады?
Самал ЗІКІРИЯҚЫЗЫ ШАЙМЕРДЕНОВА, жазушы.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.