Бас мүфти Түркістанда Президентке жалынған ба?

0
371

Мүфтият маңындағы құпия дереккөздің айтуынша, Бас мүфти Наурызбай Өтпенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға ресми сапарына қатысу үшін Протоколдың шефіне «мен де барайыншы, киелі жерде мемлекет басшысына рухани қолдау жасап, алқалы жиында Құран оқып берем ғой…» деп үш күн бойы өтініп жалынған.

Нәтижесінде Протоколдан рұқсат алып бүгін таңертең ол да Түркістанға ұшып барды. «Бас мүфтидің мұндағы мақсаты – Президентке жағымпазданып өтініш айтып, ҚМДБ төрағасы қызметінің екінші мерзіміне қалу» деді дереккөз.

Әрине, ҚМДБ – қоғамдық ұйым, ұйым төрағасы әрі Бас мүфти Қазақстан мұсылмандарының алдағы құрылтайында (сиезінде) көпшілік дауыспен сайланады. Дегенмен, Жазушылар одағы секілді ҚМДБ төрағасының кім болатынын Ақорданың идеологиялық салаға жауапты шенеуніктері шешетіні жасырын емес.

Бас мүфти лауазымына келгелі бері Наурызбай Өтпеновтің шақшадай басы дау-дамайдан арылған емес, ол баспасөзде қатты сыналды. Кеше ғана Түркістан облысының бас имамы Н.Өтпеновтың Түркістанға жасайтын әр сапары үшін (ұшақ билеті, қымбат қонақүй құны, ішім-жем) қарапайым молдалардан миллиондаған теңге жинағаны жөнінде дәлелді құжаттар жарияланып кетті.

Бас мүфтидің саясатына көптеген дін авторитеттері қарсы. Дереккөздің мәлімдеуінше, осындай келеңсіздіктерден кейін мемлекеттің идеологиялық секторы Н.Өтпеновты жақтырмай, жаратпай қалған.

Оны ҚМДБ төрағалығының келесі мерзіміне қалдырғысы жоқ. «Идеологиялық сектордың қабылданып қойған саяси осы шешімін өзгертіп, оны өз пайдасына бұру үшін Наурызбай Өтпенов Президентпен қалай да жеке кездесудің амалын қарастырып, «тағы бір мерзім Бас мүфти болайыншы…» деп жалынбақшы, бірақ оның бұл әрекетінен қандай нәтиже болаты белгісіз» деді дереккөз.

Шыныда да, келесі Бас мүфти кім болар екен?…

Анығын Ақорда біледі.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.