Кәсіби мерекесінде мұғалімге сыйлық беру керек пе?

0
712

Биыл ұстаздардың кәсіби мерекесі 5 қазан күні аталып өтеді. Жыл сайын осы уақытта “мұғалімге сыйлық беру керек пе?” деген сауал туындайтыны бар. Осыған орай Democrat.kz. тілшісі шағын сауалнама жүргізіп көрді.

Сауалнамамызға мұғалімдер мен ата-аналар және оқушылар қатысты. Сауалнама нәтижесінде байқағанымыз, кәсіби мерекесінде сыйлық алғысы келетін мұғалім өте аз.

Сонымен қатар мұғалімге сыйлық беруді қолдайтын ата-ана көп екен. Ал оқушылардың басым бөлігі ұстазының мерекесі болатынын білгенімен, оны құттықтау, құрмет көрсету сияқты дүниелерден аса хабары жоқ көрінді.

“Жылда мұғалімдер күніне арнап азын-аулақ ақша жинап, шамамыз келгенше сынып жетекшімізге сыйлық береміз. Біздің баламыз үшін бізден артық басын ауыртатын — мұғалім ғой. Жылына бір рет солай сыйлық жасағанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын.

Сыныпта ақша беруге шамасы жететін 15-17 ата-ана бар. Ал 7-8 ата-ана ақша бермейді. Әрі кетсе, 1000-1500 теңгеден жинаймыз. Сол ақшаның бір бөлігіне гүл, қалғанына естелікке бір сыйлық аламыз деп отырмыз”, — дейді алматылық Сәуле Жәнібекқызы.

“Мен ата-аналардың мұғалімге сыйлыққа деп ақша жинауына түбегейлі қарсымын. Ешқандай сыйлық бермей-ақ қойсын. Ата-аналардың мұғалімге жасаған сыйлығы сол — баланы оқытуға, тәрбиелеуге мұғаліммен бірдей атсалыссын, сол жетеді.

Пәле іздеп, мұғалімді қудаламай, өз баласының оқу-тәрбиесін мықтап қолға алса, мен үшін одан асқан қымбат сыйлық болмас еді”, — дейді шымкенттік мұғалім Мөлдір Асаубайқызы.

“Мұғалімге сыйлыққа ақша жинауды қолдамаймын. Мұғалім өз міндетін атқарғаны үшін бюджеттен арнайы айлығын алып жүр. Оған қосымша сыйлық берудің не керегі бар?

Сыныбымызда “ақша жинайық” деп белсенетін ата-аналар бар. Менсіз өздері жинап, сыйлығын беріп жатады. Оның үстіне антикор да 5 АЕК асқан сыйлық алған мұғалімнің жауапқа тартатынын айтты емес пе? Заңға бағынуға тиіспіз”, — дейді астаналық Гүлнар Тәжіқұлова.

Ал біз сұрау салған оқушылардың көбі: “Мұғалімдер күні бүкіл ұстаздарымызды құттықтаймыз. Ал сыйлық беру жағын ата-анамыз шешеді ғой” дескен оқушылар “біздің ештеңе бүлдірмей, тыныш сабағымызды оқып жүргеніміз мұғалім үшін ең бағалы сыйлық шығар” деді.

Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.