«TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз”- деді депутат

0
149

Сенат депутаты Геннадий Шиповских Қазақстанда TikTok платформасын бұғаттауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сенат депутатының сөзінше, көптеген елдер платформаны қолдануға ішінара тыйым салып отыр.

“TikTok желісі әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен танымалдылыққа ие. Қазақстанда да бұл желіні пайдаланушылар үлесі күн санап артып отыр.

Платформаны кей креативті адамдар жасөспірімдерді кәсіпке, білімге, ел тарихына қызықтыруға пайдаланып жүр. Бірақ ондай контенттердің үлесі, өзге контенттерге қарағанда өте аз.

Әлемдік практикаға қарасақ, көп ел әртүрлі себептермен аталған платформаны қолдануға ішінара тыйым салып отыр”, – дейді ол.

Сондай-ақ Шиповских TikTok платформасының өзге елдерде не себепті бұғатталғанын айтып, түсіндірді. Сөзінше:

Біріншіден, балалардың психикалық денсаулығы алаңдаушылық тудырады. TikTok-тағы кей контент балалардың мінез-құлқына теріс әсер етіп, оларды жалған идеяларға жетелеп, тәуелділікке әкелуі мүмкін.

Екіншіден, киберқауіпсіздік – қазіргі цифрлық әлемнің басты мәселелерінің бірі. Франция мен басқа да елдер TikTok пайдаланушылардың деректерін жинау әдістеріне күмәнданып желіге шектеулер енгізді.

Қазақстанда да киберқауіпсіздікке назар аудару өте маңызды. Өйткені жеке және мемлекеттік мәліметтердің қорғалуы ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты.

Үшіншіден, мәліметтер құпиясы да үлкен алаңдаушылық туғызады. Канада TikTok-тағы деректердің қауіпсіздігіне байланысты шектеу шараларын енгізген.

Бұл платформада пайдаланушылар туралы мәліметтерді жинау және оларды сақтау тәсілдері күмәнді болуы мүмкін. Сондықтан, бұл – Қазақстан үшін де өзекті мәселе.

Төртіншіден, қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытында да шектеулер қажет. TikTok-та жалған ақпарат пен арандатушы мазмұндағы ақпараттың таралуы елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа теріс әсер етуі ықтимал.

Жалған ақпараттың кеңінен таралуы қоғамда дүрбелең тудырып, қоғамдық пікірді бұрмалауы мүмкін.

Бесіншіден, адамның денсаулығына физикалық-моральдық тұрғыда қауіп төндіруі. TikTok-та соңғы уақытта стрим форматында өтетін жарыстар кеңінен таралып, олардың аясында жеңілген адамға жеңімпаз тарапынан әртүрлі тапсырма беріледі.

Тапсырмалар бір қарағанда қызық әрі көңіл көтеруге бағытталған секілді көрінгенмен, кейбірі адамның денсаулығына физикалық және моральдық тұрғыда елеулі зиян келтіретінін байқаймыз.

Мысалы, «зеленка іш», «аузыңа шамды сал», «іш киіміңді көрсет» және осы секілді бұйрықтар адамның өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.

Депутаттың сөзінше, балаларды онлайн қауіпті контенттерден қорғау үшін YouTube-kids секілді балаларға арналған арнайы желі құруды ұсынды.

“Бірінші, TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсыну керек.

Екінші, бұл платформа жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube-kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсыну қажет.

Үшінші, 13 жасқа толмаған балалар TikTok-қа ата-анасының атынан кірген жағдайда міндетті түрде Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керек.

Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз”, – деді ол.