«Көмектесіңдер!» деп айқайладым» деген актриса қорқынышты оқиғаны баяндап берді

0
115

Отандық актриса Фариза Ескермес басынан өткен қорқынышты оқиғасын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өнер иесі Taboo бағдарламасына қонақ болып, зорлықтан қалай қашып құтылғанын айтып берді.

“17-18 жаста болған кезімде қорқынышты жағдайға тап болдым. Әке-шешем тау жақта тұрады. Ол жаққа бару үшін алдымен трассаның бойымен, кейін бұрылып, тағы ұзын жолмен жүру керек. Ол жолда көп ешкім жүрмейді.

Ағаштар көп, шағын өзеннің бойы. Таксист – жас жігіт. Түрі әлі есімде. Сол жігіт көлікті тоқтатты да, шешіне бастады. Мен шошып кеттім, алдымда пакеттер тұрған. Терезені ашып үлгердім де, «көмектесіңдер» деп айқайладым.

Сол кезде алыстан адамдар көріп, қолшаммен жүгіріп келді. Сол кезде ол мені көлікке итеріп құлатып, солай құтқарылып қалдым. Менің әлі күнге дейін өкінетінім, камералардың бәрін ашып, сол адамды табуым керек еді.

Мен қорқып қалдым. Мүмкін шок та алған шығармын. Оны іздемек түгілі үйден шыққым келмей қалды. Ол кезде бұл туралы ата-анама да, құрбыларыма да айтпадым», – деп есіне алды актриса.

Сонымен қатар актриса қыздарға үндеу жасап, қорқынышты сәтте өзін қалай қорғап қалу керек екенін түсіндірді.

«Менің түсінгенім, ер адамдар қыздарға агрессия көрсетсе, қыздар жабылып қалады екен. Ешкімге айтқысы келмей, өз проблемасын елге жайғысы келмей, өзінің ішінде ұстайды екен. Негізі айту керек.

Мен сол жағдай үшін қатты өкінемін. Сол кезде ол адамды тауып, сотқа беруім керек еді. Бірақ 12 жыл өтіп кетті. Таксиді даладан ұстай салдым. Қыздар олай істемеңіздер.

Тіпті, такси шақырсаңыз да, оның сілтемесін ағаларыңа, әпкелеріңе немесе күйеулеріңізге жіберіп қойыңыздар», – деді киножұлдыз.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.