«Ертең тест тапсыруға бармаймын!» деген мұғалім «Мақсатты мектеп» жобасы заңмен бекітілмегенін айтты
Әлеуметтік желіде белсенді мұғалім Айман Сағидулла «Мақсатты мектеп» жобасы мен айлар бойы мұғалімдер тапсырып жатқан осы жобаның тестіне қатысты жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
«Ертеңнен бастап «Мақсатты мектеп» жобасына кірген мектептердің мұғалімдері тест тапсырады. Тест тапсыратын күндер демалыс күндеріне сәйкес келеді екен.
Әріптестер! Тест тапсыруға бармауға құқығыңыз бар. «Мақсатты мектеп» жобасы ешқандай заңды құжатпен бекітілмеген .
«Нысаналы мектеп» жайлы Алтынсарин академиясының нұсқаулығы ғана бар. Ол заң емес, бұйрық емес, жай ғана нұсқаулық. Мен бүгін барлық заңдарды ақтардым.
» Педагог мәртебесі» заңы бойынша мұғалім 3 жылда бір рет біліктілігін арттыратын курсқа баруы керек. Ондай курстардан барлық мұғалімдер уақытымен өтіп жүр. «Құзыреттілік» деген курстан бәріміз өттік.
5 жылда бір рет аттестациядан өтуіміз керек. Барлық мұғалімдер тест тапсырып, аттестациядан да өтіп қойдық .
» Мақсатты мектеп туралы «Педагог мәртебесі» заңында да, «Білім туралы» заңда да көрсетілмеген.
«Әділет.кз» сайтында да ешқандай ол туралы бұйрық немесе заң жоқ. Бұл жоба заңмен бекітілмеген жоба болғандықтан тест тапсырудан бас тартқан мұғалімдерге ешқандай заңды шара қолдана алмайды.
Еңбек кодексінде қандай жағдайда жұмыстан шығара алатыны туралы арнайы бап бар. 48- бап және 52- бап. Бұл баптар бойынша да тестке бармаған мұғалімдерді жұмыстан шығару қарастырылмаған.
Еңбек кодексі бойынша сенбі және жексенбі күндер демалыс күні болып саналады. Демалыс күндерінде тестке бармауға құқылысыз.
Керісінше демалыс күніне мұғалімдерді тестке шақырып отырғандар заң бұзып отыр.
Бір сөзбен айтқанда тестке бармай қалған мұғалімге ешкім ештеңе істей алмайды.
Мен тестке бармаймын!» деп жазды белсенді ұстаз.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.