«Қанша күннен бері ұйқы жоқ» деген Хасан Қасымбаев халыққа үндеу жариялады

0
298

Талғарда бір топ адамның қолынан ажал құшқан Шерзат Болаттың ісінде есімі бірнеше рет аталған атышулы Хасан Қасымбаев қазақстандықтарға үндеу жасады.

Түрлі дереккөз оны «Хутор» бандасының басшысы деп көрсеткен еді. Алайда Қасымбаев әлемжеліде тарап жатқан ақпараттардың жалған екенін әрі өзіне жала жабылып жатқанын алға тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қасымбаевтың сөзінше, желіде таралған жалған ақпарат отбасына ауыр тиіп жатыр.

“Құрметті қазақ елі! Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттағы Қасымбаев Хасан деген — мен. Талғарда болған қайғылы оқиға, Шерзат деген баланың қазасына, туған-туысқандарына, әке-шешесіне қайғырып көңіл айтамын. Әрине, қиын. Ешқайсымыздың басымызға бермесін. Мен де әкемін. Бала тәрбиелеп, өсіріп отырмын.

Біздің отбасымызға да оңай болып тұрған жоқ. Қанша күннен бері ұйқы жоқ. Жалған ақпарат менің және отбасымның мазасын қашырды”, – деді ол.

Қасымбаев ешқандай қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін атап өтті және қылмыскерлер тиісті жазасын алатынына сенім білдірді.

“Банда, ОПГ деп жатыр, ондайға еш қатысым жоқ. Заң алдында ешқандай мәселе болмаған, сотталмағанмын. Әрине, інісі сотталған деп айтып жатыр. Інім 2017 жылдан бері жазасын өтеп жатыр. Сондықтан жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймын.

Адвокат жалдадым, жалған ақпарат таратқан тұлғалардың бәрін заң бойынша жауап беруін сұраймын. Мен туралы айтылып жатқан ақпарат көп, заң бойынша арыздарын жазсын. Қылмыскерлер ұсталып, заң бойынша жазаларын алады деп ойлаймын”, – деді ол үндеуінде.

Фото интернеттен алынды.