«Әділдік және өркендеу» ҚҚ мектептегі тамақ сапасына әлеуметтік мониторинг жүргізеді
«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры мектептегі тамақ сапасына қатысты әлеуметтік мониторингті бастады деп хабарлайды Democrat.kz.
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры мемлекеттік мектептердегі тамақтың сапасына қатысты әлеуметтік мониторингтің басталғанын хабарлап, оған барлық қазақстандық оқушылардың ата-аналарын қатысуға шақырады.
Ол үшін осы жылдың 14 мен 28 қазаны аралығында өзіңізге қолайлы уақытта берілген сұрақтарға онлайн жауап беру қажет. http://surl.li/znqxez
Бұл әлеуметтік мониторингте мектеп оқушыларын дәмді және пайдалы тамақтандыруға қатысты барлық сұрақтар қамтылған. Қор ата-аналардан мәзірдің әртүрлілігін, асханалардың санитарлық жағдайын, оқушылардың тамақтану кестесінің ыңғайлылығын және басқа да қызметтерді бағалауды сұрайды.
Сауалнама жасырын түрде өтеді. Жауап беру уақыты бес минуттан аспайды.
Ата-аналардың жауаптары мемлекеттік мектептерде тамақтану процесін ұйымдастыруға қатысты ең өзекті мәселелерді анықтауға көмектеседі.
Сауалнама нәтижелері БАҚ-та жарияланып, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға жіберіледі. Сауалнамаға қатысушылардың өз ұсыныстарын беруге мүмкіндігі де бар.
Ата-аналардың пікіріне сүйене отырып, Қор мектеп асханаларының сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлейді.
Мемлекеттік мектептердегі балалардың тамақтану сапасын бақылау тақырыбы – «Әділдік және өркендеу» Қоры қызметінің басым бағыттарының бірі.
Жұмыс ҚР Оқу-ағарту министрлігімен және Қазақ Тағамтану Академиясымен бірлесіп жүргізілуде.
Әлеуметтік мониторингтен басқа, Қор мектептегі тамақтану сапасын бағалау бойынша қоғамдық бақылау шеңберінде тұрақты түрде басқа да іс-шараларды өткізеді.
Мысалы, Қор белсенділері Жетісу облысының, Түркістан және Алматы облыстарының, Алматы қаласының мектеп асханаларына тексеру жүргізді.
Қор осы тексеріс барысында балаларға қосымша тамақ порциясының берілмеуі, астың мәзірдегі сипаттамаға сәйкес келмеуі, буфеттерде мектептерде сатуға тыйым салынған өнімдердің сатылуы (оның ішінде шоколад пен энергетикалық сусындар), санитарлық нормалар мен тамақ дайындау технологияларының сақталмауы секілді бұзушылықтарды анықтады.
Сондай-ақ, мектеп асханасында газ баллонын пайдалану, қызметкерлердің арнайы дипломының жоқтығы секілді жәйттер де жиі кездеседі.
Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша актілер жасалып, бақылаушы органдарға жіберілді. Қор биылғы оқу жылының соңына дейін еліміздің барлық өңіріндегі мектеп асханаларын тексеріп шығуды жоспарлап отыр.
АНЫҚТАМА: «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры белсенді азаматтардың бастамасымен құрылды. Бүгінде Қазақстанның барлық аймағында өз өкілдігі мен 5 000 астам жақтасы бар. Қордың жобалары мен бастамалары кәсіпорындардағы қауіпсіздік техникасын сақтау, мектептегі тамақ сапасын бақылау, жөнделген жолдың сапасын тексеру секілді маңызды мәселелерге арналған. Қор қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғауға қатысты тегін заңгерлік көмек көрсетеді. Ел тұрғындарының пікірін анықтау үшін Қор «Әлеуметтік мониторинг» жүргізеді. Кез келген қазақстандық Манифестке қол қойып, Қор жұмысына қосыла алады.