Ит құсатып көмілген апамның аруағы баласын аяусыз жазалады
«Теріс діни наным-сенімдерін жұртқа тықпалап, елді адастырып, қазақты ұлттығынан айыруға жанталасқан сорлыларды жек көремін. Иә, жек көремін!» — деп бастады әңгімесін біздің кейіпкер.
Айнаш — Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының қызы. Ол редакциямызға арнайы хабарласты. «Сіздердің сайт дүмшелердің сорлы әрекеттерін әшкерелеп, жиі сынап отырады. Менің айтпағымды басқалары жариялай қоймас. Басымнан өткен ұмытылмас қасіретті жұрт білсін. Он қазақ оқыса, солардың ең болмаса, біреуі ойланса екен»,- деген оның басынан өткен оқиғасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Оқиға кейіпкерлерінің аты-жөні кейіпкердің өтінішімен өзгертіліп берілді.
Анамды ажалдан құтқарып қалар ма едік…
Анам Ұлжан көптен денсаулығы сыр беріп, ыңқыл-сыңқылы көбейген еді. Ауылдағы дәрігерлер тесеріп көріп, облыстық ауруханаға жолдама берген.
Жалғыз ағам Жандос және мен анамды алып, қалаға жолға шықтық. Бұған дейін өте сирек келетін болған соң, аса мән бермеген екенмін.
Ағам күрт өзгерген. Бұрынғы жайдары жүзді Жандос жоқ. Қабағы қату. Айналасына суық қарайтын болыпты. Шешемнің жағдайы алаңдатып, ағамдағы өзгеріске аса мән бермеуге тырыстым.
Ауруханаға келгенімізде алғаш рет жағамды ұстайтын жағдайға куә болдым. Анамды тексерістен өткізетін дәрігерге жақындаған Жандос: «Шешемді сіз тексересіз бе?»- деп діңк етті. Басын изеген дәрігерге ежірейе қараған ағам: «Жоқ! Болмайды! Әйел дәрігер қарасын!»- деп баж етті.
«Мен — дәрігермін. Медицинада — жыныс жоқ»,- деген дәрігерге «аъузубилләһ!» деген Жандос: «Апа, тұр, кетеміз! Басқа ауруханаға барамыз. Еркектің бөтен әйелдің денесіне қол тигізуіне болмайды!»- деп діңк етті.
Түкке түсінбей, шешем мен ағамның ізінен ердім. Дәлізге шыққанда: «Аға, сіздікі жайшылық па? Ең мықты маммолог осы кісі ғой. Айналып келгенде, қазір басқа дәрігер де осында жіберсе ше?»- дедім. Анам ақырын қолымнан қысып, «үндеме» деп ишарат етті.
Жеке клиникаға дейін апарған шешемізді қарап шыққан дәрігерлер ең білікті маммолог деп әлгі дәрігерге қаралуға кеңес берді.
«Керегі жоқ! Қазақстанда жалғыз доқтыр ол емес. Шешемді Астанаға апарам»- деген Жандос бізді ауылға алып қайтты.
Дәрігерлер «қазір ота жасатып, емін алса, сауығып кетеді» деген еді. Омырауында пайда болған ісіктен құтылуға мүмкіндік бар деп еді. «Астанаға апарам» деген ағамның сөзімен ауылға қайттық.
Шешемді арулап шығарып сала алмадық
Өзі жұмыссыз, таңнан кешке дейін мешіттен шықпайтын Жандостың шешемді Астанаға апара қояр қаражаты жоқ. Қарыз сұрайық десек, «қарыз — ауыр күнә» деп тыйым салған ағам шешесін емдетуге бір шара табар деп үміттендік.
Арада сырғып уақыт өте берді. Шешемнің жағдайы күн санап нашарлай берді. Сіңлім екеуміз қанша шырылдасақ та, «араласпаңдар! Өз отбасыларыңның мәселесін шешіңдер!» деген Жандос бізді тыңдамады.
Жеңгемізден жәрдем сұрап едік: «Аллаһ қаласа, шипасын береді ғой. Күнде дұға етіп жатырмыз. Мен күйеуіме «былай ет» дей алмаймын. Өйткені ол — еркек. Еркек қана бәрін шешіп, бәріне бұйрық бере алады», — деген жауап алдық.
Төркінімізге тек ағамыз рұқсат етсе ғана барамыз. Бар жұбанышымыз — күн сайын анамызбен телефон арқылы сөйлесіп отырдық.
«Айнаш, атадан-балаға мирас болып қалған әдет-ғұрпымыз, наным-сеніміміз бар еді. Етегіме берген бір тал ұлым мені әкеңнің қасына қазақы жолмен шығарып салмай ма деп қорқамын», -деп қалды бір күні шешем телефонда. «Неге олай дейсіз?» деп тықақтап сұрағаныма мардымды жауап бермеп еді.
Бұл біздің соңғы сөйлесуіміз екен. Анам менімен сөйлескен кеште бақилыққа аттаныпты.
Қаралы хабар жетісімен, төркінге жолға шықтық. Көліктен түсе салып, сыртқы қақпадан дауыс салып кіріп келе жатқан мені «өшір үніңді!» деп Жандос қарсы алды.
Қапелімде не істерімді білмей, селк ете қалдым. Ағамды құшақтап, көрісіп, ішкі шерімді тарқатсам деген көңілім алай-түлей болды. Сонда байқадым, ағамның жанында өзі секілді етектері далақтаған көйлек киген, мұрты жоқ, сақалы шошаңдаған бір топ еркек тұр екен.
Теберігі тарқатылмаған шешемді иттей етіп көме салды
Қаралы үй сияқты емес, тым-тырыс. Сіңлім екеуміз состиып тұрмыз. «Апамды нағыз мұсылман жолымен шығарып салады ағаларың. Жүріңдер, үйге кіріңдер» деп жеңгеміз қолтығымыздан сүйеді.
Үйде де санаулы кісілер отыр. Үнсіз ғана көрісудің ырымын жасасқан олар тек күрсіне берді. Таң қылаулап атар-атпас, шешемізді жерлеуге әкетті. Әдет-ғұрпымызға сай жыртыс таратып, теберік бермек болғанымызда «ештеңеге араласпаңдар!» деп діңк еткен ағамды тоқтатар пенде табылмады.
Тіпті үлкендер жағы «ау, ең болмаса» деп аузын ашпаққа ұмтылса, діни бірдеңелерін тоқтаусыз айтқан Жандостың әрекетінен жұрт біткен түңілді.
Шешемізді жерлеп келген соң Жандос бізге үйлеріңе қайта беріңдер деген ыңғай танытты. «Аға, апамның жетісін беріп, сосын…» дей бергенімізде «не жетісі? Не сол? Апам Аллаһтың құзырында, бітті. Мал сойып, дастарқан жайып, ысырап етудің керегі жоқ. Жеті шелпек пісіріп ақымақтың ісін істемеңдер. Немене, өлген адамға шелпек көмектесе ме? Топастық қой! Мұсылманда жоқ мүшріктің дүниесін маған тықпаламаңдар!»- деп гүр етті.
Хиджабқа оранған жеңгеміз де «еркектің әр сөзі орындалуға тиіс. Жандос барлығын дұрыс жасап отыр. Мұсылман өлген соң, бітті. Жетісі, қырқы деген — бос сөз. Дауыс салып, айғайлап жылаудың түк пайдасы жоқ. Дауыс салу, көрісу, жетісі, қырқы дегендер — бос нәрселер. Апамның амал дәптері жабылды, болды»- деп насихат айтты.
Қазақтың әдет-ғұрпы әлдекімдердің тамағына қадалған қылтанақ па?
Ішімізден сыртқа шықпай қалған шеменіміз тасқа айналып, сіңлім екеуміз үйімізге қайттық. «Ағам әлгі жаман дінге кіріп кеткен сияқты» дейді сіңлім. «Ондайлар мешітке жоламайды дейтін еді ғой. Ал Жандос мешіттен шықпайды. Бұл қалай?» деймін мен.
Мені мазалаған сұрақтар — айналайын-ау, мейлі қай дінге сенсең, сен. Алайда ұлттың әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен неге алысасың? Неге қорқасың? Әлде бүкіл әлем сенің діни сеніміңмен жүруге міндетті ме?
Сенің сеніміңнің 100 пайыз дұрыс екеніне дәлел бар ма? Неге сен сенген сорақы тірліктерге мен де сенуге тиіспін? Бәлкім, менің ата-бабамнан бүгінге дейін мирас болып келген салт-санам 100 пайыз дұрыс шығар?
Апам дүниеден қайтқан соң, төркінімнен үйге келіп, әкем қайтқанда шешемнің жасаған бар ғұрыптарын жасауға кірістім. Жетісін өткіздім.
Шешемнің көзіндей көріп жүрсін деген ниетпен келгендерге орамал тараттым. Әр бейсенбі шелпек пісіріп, иіс шығарып, үлкендерді жинап, шешемнің рухына қазақша — ақ дұға жасадық.
Шешемнің қырқын өз үйімде бердім. Сол күні тағы шелпек салып, алақанымды жайып «анамның о дүниесі жарық болсын.
«Рухы күшейіп, жаны жай тапсын!Артына жағып қалдырған шырақтары сөнбесін» деп дұға еттім. Арабша бір ауыз сөзді қолданбай-ақ, анамның рухына осылай құрметімді көрсеттім.
Біздің әдет-ғұрыптар белгілі бір дәлелге сүйеніп пайда болған
Жарықтық анам: «Адам өлген соң, жеті күн бойы жақындарының жанында жаны шыр айналып жүреді екен. Сол үшін жетісін береді екен. Қырқыншы күні сәбидің сүйегіне бүкіл еті бекіп, қатайса, ал мәйіттің тұтас еті сүйектен ажырап, марқұм да келесі өміріне өтеді екен.
Жүзінші күні мәйіттің мұрын сүйегі құлайды екен. Марқұмды жалған өмірде мазалаған немесе бітпей қалған істері болса, ең жақын адамының түсіне қырқына дейін кіріп, белгі береді екен.
Марқұмның киімін теберік етіп алсаң, бірден үстіңе киюге болмайды. Алдымен, ол киімді жуып, түнде сыртқа жайып «айдың жүзін көрсін» деп іліп қою керек.
Сосын ертесіне киімді кимес бұрын «пәленшеге бұйырған жақсы нәрсе, (мысалы, сол сияқты елге сыйлы, адал, ешкімнің алажібін аттамай, абыройлы болу деген сияқты қасиеттер) маған да бұйырсын» деп ішіңнен марқұмнан рұқсат сұрап, игі тілектеріңді айтып кию керек.
Қазақ жақыны қайтыс болғанда, дауыс салып жылап, көріскен. Бүйірін таянған. Жоқтау айтып, іштегі шерін жаспен шығарған. Олай етпесе, шері шемен болып қатып, адамды ауруға ұшыратады. Ал бүйірін таянғаны — адам жылағанда, бауыры жібіп, езіледі екен. Бауырына зақым болмасын деп бүйірін басып, таянған.
Сондай-ақ қаралы үйдің кісілер бүйірін матамен орап алатын болған. Бұлардың барлығын қазақ ерігіп жасамаған. Қазақтың әрбір дүниесі зерттеліп, дәлелденген «- деп айтып отырушы еді.
Өкінішке қарай, қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білген анашым қазақтың қасиетті жолымен соңғы сапарына аттана алмады. Бір тал ұлының діни наным-сенімінің кесірінен иттің өлігіндей болып, айналасы 3-4 сағатта топыраққа атыла салды.
Иегіндегі үш тал сақалы шошаңдап, атыздай болған көздері аларған ағам шешесін осылайша жерге көмді.
Анам қырық күн бойы түсіме кірді. Үстінде жыртық-жамау киіммен, басында тоз-тозы шыққан, ескі орамалмен үнемі теріс қарап отыратын.
Қасына барып «апа, маған қараңызшы» деп қанша жалынып, жыласам да, жүзін маған қарай бұрмайтын.
Әлдебір діни сенімнің кесірінен ағам анамның аруағын ренжітті. Қазір міне, соның азабын тартып та жатыр. Оның дүниеге келген үш сәбиінің бірі — даун, бірі — ДЦП, ал ең үлкені тегіс жерге құлап, жұлыны үзіліп, көз жұмды.
«Алланың басқа салған сынағы» деп жүретін ағамды науқас балалары қызықтырмады да. Шариғат жолымен тағы үш әйелмен некесін қиыпты.
Алайда неге екені белгісіз, алған әйелдерінің ешбірінде бала тұрмай, бірі мүлде көтермей, әзірге өзінен тараған екі науқас балалары ғана қалды.
Себебі көп өтпей, жазым болып, ағам сатыдан құлап, бел омыртқасына ауыр зақым келді. Көңілін сұрап барғанымызда есіктен кіруімізге тыйым салған ол: «Шешемнің аруағын ренжіттің деп табалауға келді ол сайтандар. Аулақ жүрсін! Өлген адамның аруағы тіріге түк те істей алмайды. Пайғамбардың ғана аруағы үмбеттеріне жәрдем ете алады. Ал басқа пенденің аруағы деген нәрсе жоқ. Кірмесін, кетсін! Шешемнің аруағын ренжіттің дегендері үшін ол мүшріктерді көргім келмейді» деп жеңгемізден сәлемін жолдапты.
Бізбен араласуды мүлде қойды. «Әйел жүрген жерді шайтан жайлайды. Әйелдердің бәрі тозаққа барады. Әйел тек бала табушы, олардың басқа құны жоқ» деген сөзі үшін жалғыз ағамызбен ат-құйрығын кесіскенбіз. Екі жылдан бері төсекке таңылған ағамызды үлкен әйелі таяуда мүгедектер үйіне өткізіпті деп естідік. Іздеп бармадық…
Ағам Жандосқа ызаланып, елдегі уын ағызған имам-ишандарды шама-шарқымша зерттеп, түсінгенім — бұлардың аузын жабатын заң шықпаса, әлі талай қазақ менің шешемдей көміліп, әлі талай қазақ бір-біріне қару кезенеді.
Қазірдің өзінде бір үйдің адамдарын бір-біріне жау еткен бұл діни сенім келешекте қазақ деген ұлтты түбегейлі жойып тынады» дейді кейіпкеріміз Айнаш.
Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.