Ажырасқан әйелдің не кінәсі бар?

0
1004

Әлеуметтік желіде авторы нақты кім екені көрсетілмеген бір жаба қызу талқыға түсіп жатыр деп жазады Democrat.kz.

Жазбадан түсінгеніміз, біреудің күйеуі сұлу келіншектің соңынан кеткісі келетін көрінеді.

Алайда осы мәселеде жазба авторы бүкіл кінәні әлгі сұлу келіншекке аударып, тіпті «ажырасқан әйелдер пәле болды» деп тақырып қойып, мәселені ортаға салады. Төменде сол жазбаны қаз-қалпында беріп отырмыз. Оқып шығыңызшы, кінәлі кім деп ойлайсыз?

«Шымқаладан Алматыға арман қуып келіп, көрші кыздың ағасын ұнатып қалдым. Көрші қызбен жақсы араласып жүріп, оның ағасын өзіме қаратып алдым.

Өте момын жігіт екен. Анда-санда кездесіп жүрдік, арамыз жақындай түсті. Көп ұзамай аяғымның ауыр екенін білдім де, заттарымды жинап үйіне кіріп алдым. Ол үндемей келісті.

Міне, содан бері де он жыл өте шығыпты. Арамызда екі баламыз, тұрақты жұмысымыз бар. Пәтер жалдап тұратынымыз болмаса, жағдайымыз жаман емес.

Күйеуім осы уақытқа дейін қол көтерген емес, тапқанын тиынына дейін санап өткізеді. Ол маған ешқашан ақшаны қайда жұмсадың, қайда бардың деп тергемейді де.

Мен өзім пысықтаумын, көп нәрсені өзім шешем. Басқа еркектер секілді орынсыз қызғанып, қысқа киме, боянба деп те миымды жемейді. Бірақ он жылдан бері бірге тұрып келе жатсақ та, «жаным» деген жылы сөз айтып, еркелеткен емес.

Өткен жаздан бері күйеуім қатты өзгерді, өзі азып кетті. Кешке жұмыстан келіп, үнсіз жатып қалады. Біраз уақыт оған не болып жүргенін түсіне алмай жүрдім.

Біраз уақыт бұрын онымен бірге істейтін қызбен сөйлестім. Ол қыз жақында олардың ұжымына жасы 25-тен асқан екі баласымен ажырасқан өте көрікті келіншектің келгенін айтты.

Оның айтуынша, әлгі келіншектің мінезі өте жақсы, өзі сұлу екен. Оның күйеуі өзге қызды екіқабат қылып қойған соң бұл екі баласын алып күйеуінен кетіп қалыпты.

Өзінше ешқандай еркекке қарамайды екен. Менің күйеуім сол келіншекке ғашық болып қалғанға ұқсайды. Күйеуімнен күдіктенгендіктен оның телефонын аңдитын болдым, тіпті паролін бұзып кіріп, оған жазған хабарламаларын оқыдым.

Біздің сүмелек оның артынан сүмеңдеп екі ай жүгіріпті. Әлгі келіншек өтірік көнбегенсіп, «әйеліңізге караңыз күнә жасамаңыз, егер соңымнан жүгіргеніңізді қоймасаңыз, жұмыстан шығам» деп жазган.

Менің күйеуім сонда да қоймаған соң ол ақыры жұмыстан шығып кетіпті. Біздікі болса, оның адресін тауып алып, әлі жүгіріп жүр екен.

Балаларымның әкесі өз отбасын сызып тастап, екі баласы бар әйелге сонша ғашық болып, соңынан жүгіріп, өмірі маған айтып көрмеген сөздерін соған айтқанына ішім күйді.

Бірақ күйеуімнің әлгі әйелді соншалықты жақсы көретінін біліп тұрғандықтан оған ештеңе айта алмадым. Өйткені ол әлі де тапқанын бір тиын қалдырмай маған әкеп береді.

Анау әйел де оған «маған сыйлық жасамаңыз, табысыңызды әйел, бала-шағаңызға апарып беріңіз» деп жазатынын қайтерсіз. Сол айтпаса, менің күйеуім бізді ойланбай тастай салатын ойы бар.

35 жасқа келгенде күйеуімдікі не махаббат соншалықты. Мен оған қазір ажырасайық десем, қуана-қуана кетіп қалатын секілді. Енді не істесем болады? Ажырасқан келіншектер ұйып отырған отбасыларды бұзатын болды ғой.

Бағила Алматыдан.

#желіден_алынды

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.