Ғани ағай, Тамара апай, оқушының обалынан қорықпайсыздар ма?

0
24340

Қазіргі кезде әр мұғалімнің бас ауруына айналған «Мақсатты мектеп» жобасының артында тұрғандар қандай құдіреттің иесі екенін біле алмадық.

Себебі жобаның заңсыз екені билік мінберінен де, мұғалімдер тарапынан айтылып жатса да, ең болмаса,  Оқу ағарту министрлігі тарапынан тиісті іс-шаралар жасалмай отыр.

Екі айдан астам уақыт бойы 943 мектептің мұғалімін шаршатып, шапқылатқан бұл “Мақсатты мектебіңіз” алғашқыда “Нысаналы мектеп” деген атпен келген.

Неге екені белгісіз, арада біраз уақыт өткенде, тонын теріс айналдырып киіп, атауын ауыстырды. Асылында, бұл атау бекерге ауыспады. Бір құжаттарды “чики-чики” еткізу үшін ауыстырылған болса, таңғалмаймыз.

Қош, сонымен “Мақсатты мектеп” жобасы қай данышпанның эврикасы? Бұл да — құпия. Жобаға қаржы қайдан құйылып жатыр? Бұл да — құпия. “Мақсатты мектептің” артында тұрғандар кім? Бұл да — құпия. Көздегендері не? Бұл да — құпия.

Құпияға толы “Мақсатты мектеп” жобасы дәл қазір тұтас қоғамның назарын өзіне аударып отыр. Бұған дейін “оқушым білімсіз қалатын болды, сабақ өтуге “Мақсатты мектеп” жобасы кедергі келтіруде” деп наразылық танытқан ұстаздар дәл қазір бұл жобаның заңсыз екенін айтып, тоқтатылуын талап етуде.

Өкінішке қарай, “әр жағдайда әріптестерімді қолдауға дайынмын” дейтін Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың әзірге әу деп тіл қатқанын естімедік.

Есесіне,  басталғанына екі айдан асып кеткен “Мақсатты мектеп” жобасын “түсіндіріңдер” деп министрлік өкілдерін өңірлерге жолдады. Ғани Бектайұлы, жолдаған өкілдеріңіз өз мақсаттарына жетіп, “бәрі окей” деп оралды ма? Сенбеңіз оларға!

Оңтүстікке барған министрлік өкілдері де, Алматы жаққа келгендері де ұстаздардың сұрағынан сүрініп, берерге жауап таппай, шығатын есіктерін әрең тауып қайтты.

 Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс ауылдық мектебінде министрлік өкілі  Ернұр Дәуеновпен өткен жиынға куә болдық. “Бүйтіп куә болғаны құрысын! Сол жиынға қатыспағанымда ғой!” деген түсініксіз сезім бойымыздан әлі тарқамай тұр.

Сонау Астанадан келген Ернұр Дәуенов әлгі жиында, ең болмаса: “Мақсатты мектеп” жобасы — заңсыз емес! Міне, мөр басылған құжаты! Бұл жоба мұғалім үшін пайда береді. Оған мысал — міне, пәлен деген елде осы жобаның арқасында оқушылары үлкен жетістікке жеткен!”- деп үстелді жұдырығымен бір қойып қалғанда ғой. Алайда олай болмады…

Ал біз не көрдік? Жаттанды, бір сөйлемі бір сөйлемімен қабысып, байланыспайтын ұзын-сонар “түсіндірме” сөздер мен ұстаздардың қойған сұрақтарының ауада қалқып қалғанын ғана көрдік. Нақты жауап қайда?

Әлгіндей түсіндірме сөздерінің бірінде Ернұр Дәуенов “бәрінен де оқушы, оқушының тағдыры — маңызды” деп қалған еді.

Вице-премьер Тамара Босымбекқызы, Оқу ағарту министрі Ғани Бектайұлы, оқушы — жай ғана партада отырған сұлба емес. Оқушы — Қазақстанның ертеңі. Оқушы — осы елдің болашағы. Ал бәрінен де, оқушы — ол (сіздерді қайдам) біздің ұл-қызымыз! Ал біздің ұл-қызымыздың дәл қазір тағдырымен ойнап, ертеңіне балта шауып отырғандарыңызды қалайша білмейсіздер?

Бір тоқсан бойы мұғалім сабағын уақытылы, алаңсыз, шабыттана, көтеріңкі көңіл-күймен оқыта алмады. Өтіміз жарылып кетсе де — шындық осы! Сіздер ойлап тапқан бір ғана жоба қаншама оқушының бір тоқсандық білімін ұрлады.

Тамара Босымбекқызы, Ғани Бектайұлы, соншама оқушының обалынан қорықпайсыздар ма? Әлде оқушының білім алған-алмағаны сіздерді қызықтырмай ма? Оқушының тағыдырынан гөрі, түкке керегі жоқ жобалар маңызды ма?

Егер қызықтырмаса, егер мынадай “Масқара мектеп”, ой кешірім өтінем, “Мақсатты мектеп” жобасы маңызды болса, онда біз балаларымызды мектепке жібермей тұрайық. Шаршаған мұғалімінің жүйкесін жұқартқанша, баламыз үйде қалсын.

Жеті жылдан бері жаңармаған,ішіндегі тапсырмасы өзге ғаламшарлықтарға арналғандай, түсініксіз, сөйлем-сөздері қатеге толы оқулықтарды арқалап, күн сайын мектепке бекерге барып-келіп жүрген баламызды шаршатпайық. Одан да ұйқысын қандырып, уақытылы дұрыс тамақтанып, қасымызда отырсын!

Сіздер “мұғалімдеріміз жобалардың бәрін оқып бітті. Білімдері асып-тасып жатыр. Енді сабаққа келіңдер!” деп хабарлай салсаңыздар,баламызды сол кезде жіберейік, қалай қарайсыздар?

Меруерт ХУСАИНОВА,

арнайы Democrat.kz. сайты үшін.

Фото интернеттен алынып, коллаж жасалды.