«…террористердің бәрі намаз оқиды. Сонда құдайға менен гөрі солар жақын ба?» дейді жазушы

0
3745

Заман өзгереді, заманға сай адам да өзгереді. Арғысын айтпағанда, біздің бала кезіміздегі адам мен бүгінгі адамды салыстыра алмайсың. Екеуі екі бөлек.

Бірақ көп кісі салт-сананы көп айтады және орта ғасырда отырғандай сөйлейді. Жоқ, заманға сай келмейтін түсініктерден құтылу керек керісінше.

Салт-сана дегенді орта, уақыт, заман тудырады. Мәселен, бір кездері әмеңгерлікпен әйел алатын. Ол дұрыс та еді. Өйткені ағаң қайтыс болса, оның әйелін бала-шағасымен қаңғытып жібермейсің ғой.

Ол басқа жаққа кетіп қалуы мүмкін, күн көре алмай қалуы мүмкін. Сол үшін үйленіп, отбасының мүшесі етіп алған. Ал енді кейінгі жастарға қарасаң, басқаша. Қазіргілер өзін ерлермен тең ұстайды.

Одан қашып құтыла алмайсың. Бұл Еуропаға баяғыда келген. Сондықтан қазіргі біздің әйелдер қауымы еркін. Бұдан біз қазақ болмай қаламыз деп ойламау керек.

Мысалы, жиырмасыншы ғасырда қазақ даласына бұрын мүлде болмаған опера келді, драма театры келді, сонда қазақ болмай қалдық па? Керісінше, көкжиегіміз кеңіді. Кейінгі ұрпақ бізге ұқсамауы мүмкін, бірақ соған бола қазақ құрып бара жатыр деп айтуға болмайды.

Еуропа демократиямен өмір сүріп жатыр. Бізді «демократия құртады» деп қорқытады ғой. Еуроодаққа 27 ел мүше. Ішінде халқының саны 200 мыңға жетпейтін кішкентай мемлекеттер де бар.

Демократиялық елдерде біреуге көз аларту деген мүлдем жоқ. Ал ондай дүниелер авторитарлы елдерде асқынып тұр. Кейде Украинаны жамандағандарды естісем, таңғалам, соғысты Украина бастағандай әңгіме айтады.

Шайқас Украина жерінде болып жатыр. Қалай кінәлі болады ол? Қарапайым халықтың арасында саяси сауаттылары аз.

Маған іні болып жүрген Смағұл Елубаймен кезінде көрші тұрдық, сырласып, күні бойы бірге жүретін кездеріміз болды. Талантты жігіт.

Қазір дінге қатты беріліп кетіпті. Мен де мұсылманмын, бірақ өмірді түсінуге келгенде ғылымға жүгінемін. Смағұл президентке кіріпті. Кіріпті де, «Намаз оқыңыз, намаз оқысаңыз бәрі дұрыс болады» депті. Абсурд қой.

Кезінде үш адамды (облыс әкімі) Өмірзақ Шүкеев Түркістанға шақырды. Ішінде Смағұл екеуіміз бармыз. Жұртпен кездестік. Бір мезгілде Смағұл сөз алды.

Ұлт жайлы жақ ашпады, есесіне дінді айтып сарнады. Ақырында шыдай алмай: «Мен намаз оқымаймын, – дедім оған. – Бірақ халыққа, адамзатқа қас ештеңе жасағам жоқ. Ал террористердің бәрі намаз оқиды. Сонда құдайға менен гөрі солар жақын ба?». Қайтпады.

«Адамды құтқаратын салт-дәстүр де, әлдебір ғажайып күш те емес, әртүрлі діни сенім де емес, адамды құтқаратын – өмір жайлы айқын да анық түсінік» дейді Толстой. Бос қиялды доғару керек.

Төлен ӘБДІК, жазушы.

(жазба журналист, продюсер Серік Аббас-Шахтың парақшасынан алынды)

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.