«Квадробика — шариғатқа қайшы» дейді ҚМБД өкілі

0
33

ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы квадроберлерге қатысты мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елбек Тасболатұлы fatua_kz инстаграм-парақшасында квадроберлердің әрекеті шариғатымызға қайшы келетінін түсіндірді.

«Квадробика төрт аяқтап жүгіретін бейресми спорт түріне жатады екен. Қазір балалар әртүрлі жануарлардың бейнесіне еніп, төрт аяқтап жүріп, маска, құйрық тағып, әртүрлі жан-жануарға еліктеу субмәдениетін қалыптастырып жатыр екен. Мұндай көрініс шариғатымызда тыйым салынған істерге жатады. АллаТағала Құран кәрімде, Исра сүресінің 70-аятында: «Расында біз адам баласын құрметті, қасиетті еттік» дейді. Яғни осы жаратылыстың ішіндегі ең құрметтісі, ең абыройлысы — ол адам баласы.

Сондай-ақ Тин сүресінде «Біз адамзатты ең көркем келбетте жараттық» дейді. Яғни біздің келбетіміз, екі аяқтап жүруіміз — бұл Алланың бізге берген сыйы.

Ал Ниса сүресінің 119-аятында АллаТағала шайтан адамзатты қалай азғыратынын бізге баяндаған. Шайтан айтады: «Мен адамзатқа бұйырамын, олар Алланың жаратылысын өзгертеді» дейді.

Демек, бұл аяттардан түсінетініміз, квадроберлердің жануарлар секілді төрт аяқтап жүріп, олардың тамағын жеп, еліктеу — дініміз тыйым салған амал болып есептеледі және Алланың адамзатты қасиетті қылып жаратқанына қайшы келеді. Адам жануарға еліктеу түгіл әйел кісіге ер кісінің еліктеуі, ер кісінің әйел кісіге еліктеуінің өзі арам тірлік болып есептелінеді. Сондықтан құрметті ата-аналар, құрметті жастар, шариғатымызда тыйым салған, дәстүрімізді қаралайтын субмәдениеттерден, ерсі және жиіркенішті көрінетін мәдениеттерден аулақ болайық, сақ болайық», — дейді Елбек Тасболатұлы.

Квадроберлер жайлы не белгілі?

Квадробика (латынша quattuor — төрт және ағылшынша aerobics — аэробика) — адамдар жануарлардың қозғалысын қайталап, төрт аяқтап жүретін спорттың ресми емес түрі. Адамдар квадробика кезінде жануарлардың маскасы мен құйрығын пайдаланады. Осылайша, олар мысық, түлкі, қасқыр сияқты киінеді. Бір жағынан бұл қиын акробатика, ал бір жағынан — бұл біртүрлі әуестік кейде шектен шығып, ақылға қонымсыз әрекетке айналады.

Депутат Дәулет Мұқаев квадроберлерге қатысты заң шығаруды ұсынды

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев құзырлы органдар мен ата-аналарға үндеу жасады.

«Президент үнемі айтатындай, тәртіп пен заң керек. Бізде мұндай квадроберлерге байланысты заң шығару керек те шығар. Себебі бұл аурудың, яғни дерттің алдын алмасақ, ертеңгі күні өзіміз опық жейтін боламыз. Және де айтарым, дәл осы квадроберлердің әрекетін құзырлы органдар тексеріске алу керек. Ал ата-аналарға айтарым, балаларыңызбен міндетті түрде сөйлесіңіздер, дос болыңыздар, араласыңыздар, көңіл бөліңіздер. Себебі мұның артында үлкен бір күштер де тұруы мүмкін. Балаларыңыздың жануарға айналуы ақылға қонымсыз нәрсе, бірақ, өкінішке қарай, сондай болып жатыр. Мен сіздерге ескерту ретінде айтып отырмын. Сондықтан да барлығымыз бірге әрекет етейік. Мұның артында үлкен индустрия тұр. Елдер сол жануарға еліктеп, киімін алады, құйрық жалғап алады, одан кейін, тіпті соның тамағын да жейді екен. Бұл қоғам дерті. Ол қоғамға қауіпті», — дейді Дәулет Мұқаев видеода.

Ресейде квадроберлермен күресу үшін шаралар қабылдау сұралды

Еске салайық, Ресей ардагерлері ұйымы Ресейдің Бас прокуроры Игорь Красновқа балалар мен жасөспірімдер арасында квадробинг деп аталатын әуестіктің таралуын тоқтату туралы өтініш жіберді.

Бас прокурорға квадробингке байланысты тауарларды ірі маркетплейстерде және бөлшек сауда желілерінде сатудың заңдылығын тексеру, балаларды квадробингке тартуды қолдайтын және ынталандыратын ата-аналарға қатысты жауапкершілік шараларын енгізу мүмкіндігін зерттеу, сондай-ақ жаңа құбылыстың зиянды салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.

«Мұндай шаралар отбасылық құндылықтарды сақтауға және нығайтуға және қоғамымызды осындай қауіпті ағымдардан қорғауға оң әсер ететініне сенімдіміз», — делінген Бүкілресейлік қозғалыстың үндеуінде.

Өзбекстанда квадроберлердің ата-аналарына айыппұл салады

Өзбекстанда  ІІМ квадроберлердің ата-аналарына айыппұл салатынын мәлімдеді.

Министрлік балалар арасында квадробика деп аталатын субмәдениеттің көрінісі ата-аналардың өз міндеттерін орындамауы ретінде қарастырылатынын ескертті.

«Әкімшілік жауапкершілік туралы Кодекске сәйкес, бұл үшін бес базалық есептік шамаға дейін — 1,875 миллион сомаға дейін айыппұл қарастырылған», — делінген хабарламада.