Мыңға жуық блогер 1,2 млрд теңге салық төлеген

0
24

Елімізде ресми тіркелген 745 блогер бар. Биыл 9 айда олар мемлекетке 1,2 миллиард теңгеден аса салық төлеген, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап. 

«Қазақстан Республикасының «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңының ережелеріне сәйкес инфлюенсер (блогер) — онлайн-платформада басқа да тұлғаларға ақпаратты кәсіпкерлік қызмет мақсатында жариялайтын онлайн-платформаны пайдаланушы. Бүгін республика бойынша 745 блогер бар. Салық кодексіне сәйкес, блогерлердің, оның ішінде жарнама беруден немесе ақпараттық өнімдерді жылжытудан түсетін табыстарға салық салынады», — делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, бұл тізім әлеуметтік желілерде — Instagram, Youtube, TikTok-та 20 мыңнан аса жазылушысы бар жеке тұлғалардан құрылған. Егер блогер жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланса, оның жылдық табысының мөлшері 12 ең төмен жалақыдан асса (2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы — 85 мың теңге, бұл 1 020 000 теңге болады) жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.

«Жалпы, отандық блогердің көпшілігі — қазір кәсіпкер және қолданыстағы салық режиміне байланысты тиісті салықтарды төлейді. Осылайша, өткен 9 айда олар 1 миллиард 226 миллион теңгеден астам салық төлеген», — деді комитет өкілдері.