«Сонда Бас Прокурор сауатсыз ба, Жоғарғы Сот сауатсыз ба?» дейді заңгер

0
32

.. Жазба тақырыбы неге бұлай аталды?

161 950 қорап (құны-244 млн.) контрабандалық жолмен әкелінген акцизделмеген темекіні жоқ қып жіберген, (мемлекетке бір тиын құймаған) компанияны жауапқа тартпақ болған Ақтөбе облысы, Мартук ауд.тергеу бөлімінің басшысы Айбат Ерғалиевқа қандай айып тағылды?

Айбат Қылмыстық Кодекстің 362 -бабымен (қызметін асыра пайдалану) сотталып отыр. Қазір Семей түрмесінде. Соттың айтуынша, “заңсыз әрекетімен мемлекетке орасан, атап айтқанда 244 млн.шығын келтіріпті”. Айыбы сол екен. Парадокс па?

«Adele invest» ЖШС-на контрабандалық тауарды өткізіп, “жеке бас пайдасын көздепті”-мыс. Ары қарай ол компанияны іздемепті-мыс.

Менің алдымда Ерғалиевтің «Adele invest» ЖШС-н іздеп, мемлекетке түсуі тиіс қаражатты іздеп, түрлі мекемелерге(оның ішінде әкімдік, прокуратура бар) жазған 12(!) хаты тұр. Кәдімгі мекеменің мөрі басылып, қол қойылған ресми хаттар. Ол хаттардың іс материалдарында болмауы мүмкін емес.

Сот актілерін оқып, жыларыңды да, күлеріңді де білмейсің. Бірінен бірі көшіріп жаза берген. Соңғы үміт — Жоғарғы Соттың шешімі еді.

Бір сауатты жазса, Жоғарғы Соттың судьялары жазар. Негіздеп, шегелеп тұрып жазар деген ойым да быт-шыт болды..Ет сасыса тұз бар, тұз сасыса, не себеріңді білмейсің ғой..Дәл сол жағдай..

Алдыңғы постта Ерғалиевтің келіншегі Гауһардың әділдік іздеп, ашпаған есігі, баспаған босағасы қалмағанын, (оның ішінде Бас Прокуратураға үш рет) айтып өттік.

Алдыңғы екі рет келгенде, әдептен озбай, сауатты күресіп жүрген келіншектің арызын қазақша айтқанда, ешкім пысқырмаған ғой. Дежурный жауап жазып, қоя салған. Үшінші келгенде, өзін өртемесе де, соған жетеқабыл эмоциямен ашынып, Бас Прокуратурада шу шығарған.

Бізде шуламаса, шулатпаса, таптап өте салатын, істі қалай болса, солай бұрмалай салатын әдіс бар емес пе? Әділдік барына кәдімгідей сеніп келген, ақырында тауы шағылып, күресуге күш-қуаты да қалмай, сансырап жүрген жандарды көргенде, бәрінен түңіліп кетесің..

Қош, сонымен әбден ашынған адамның жанайқайынан нәтиже шығып, Бас Прокуроратура қызметкерлері істің мән-жайын толық тыңдап, түсінгенде, бастарын шайқап, істі Ақтөбеден алдыртады.

Бас Прокуратурада жай мамандар емес, тәжірибелі, білікті заңгерлер істейді. Істі әбден зерттеп, сот шешімдері заңсыз шығарылған, Ерғалиев заңсыз сотталған деген ұйғарымға келеді.

Бас Прокурорға баяндайды. Соның нәтижесінде Жоғарғы Сотқа Берік Асыловтың қолы қойылған ПРОТЕСТ дайындалады.

Дұрыс болды ғой, енді тәркіленген заңсыз тауарды өздері шағым түсіріп, облсотқа жазған аудан прокуроры, жойылуға жататын контрабандалық заттарды сатуға шешім шығарған облыстық сот судьясы, қала берді, тауарды сататын ЖШС-ны тауып берген әкімдік қызметкері, бастысы — 244 млн-ның затын қабылдап алып, мемлекеттік бюджетке бір тиын құймаған «Adele invest» ЖШС-н жауапқа тартатын шығар, өз өкілеттігі шегінде заң талаптарын орындаған тергеу басшысының ісі қайта қаралатын шығар деп үміттенген болатынбыз.

Бірінші сатыдағы сот пен апелляциялық алқаның қаулысында не жазылған, дәл сол ізден, сол негізден ауытқымаған Жоғарғы Сот Қаулысын оқығанда..айтар сөз қалмады..

Төмендегі сілтемемен өтіп, Бас прокурордың Протесты мен Жоғарғы Соттың Қаулысын қарап шықа аласыз.

https://www.facebook.com/photo?fbid=1649465505617876&set=pcb.1649465805617846

 

 

Ләззат АХАТОВА, адвокат.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.