Назарбаевты моншаға түсіріп, арқасын езіп байығандар

0
546

Бүгін Алматы қаласы Бостандық ауданы экономикалық сотта ең үлкен резонансты сот болып жатыр.

Әңгіме сол, депутаттар Бақытжан Базарбек пен Сергей Пономаревтың көтерген жер мәселесі. Жер болғанда да қалаға тиіп тұрған 820 гектар шұрайлы табиғи резерват.

Кезінде бұл аумақтың 150 гектары Қарасай ауданына қараған алма бағы еді. Қарасай ауданының 2004-2008 жж әкімі Болатби Құтпанов (марқұм) әкесінен мұраға қалғандай осы 150 гектар алма бағына Алатаудың 680 гектар табиғи паркін генерал Павел Новиков деген біреуге қосып беріп жіберген ғой.

Алматы маңайынан 6 сотық жер алу ажалды адамға оңай емес. Бүкіл бір патшалықтың жеріне ие бола қалатындай Новиков деген кімнің шікәрәсі еді? Сол жағын да қарастырып көрейік.

Қарапайым ғана офицер Павел Новиков 1986 жылы Алматыдағы ЦСКА клубын басқарып келген. Содан бастап, тасы өрге домалайды. 90-жылдары Кеңес одағы ыдырап, экономика құлдырап жатқан кезең еді.

ЦСКА клубының сол кезде атағы жер жарған моншасы болды. Павел Новиков моншаға Назарбаев, Абықаев, Храпунов, Есімов сияқты дәулерді буландырып, массаж да жасайды.

Бұл әрекеті қарапайым офицердің карьерасына қатты әсер етеді. 1996 жылы Новиков Қорғаныс министрлігіне қарасты спорт комитетін 12 жыл басқарды. Одан соң, 7 жыл бойы Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтың кеңесшісі қызметін атқарды.

15 жыл Қазақстан теннис федерациясын, 20 жыл Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті, 11 жыл жеңіл атлеткика федерациясын басқарды. Генерал шенін алды. Бірақ оған бұл да аз еді!

Сөйтіп жүріп, «жылына пәленбай млрд теңге кіріс әкелетін «Бағанашыл» спорт-ойын-сауық кешенін іске қосты. Онда қонақ үй, мейрамхана, жазғы және қысқы теннис корттары, футбол алаңы, спорт орталығы және клиника орналасқан.

Ал әлгі «Адамдардың болашағы үшін сақтап отырмын» деген 820 гектар аумаққа адам баласын кіргізбейді. Заң бойынша, жабайы орманды алқап пен Кереңқұлақ және Берқара өзендерінің бойы жекеменшікке берілмеуі тиіс. Жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылуы керек!

Жалғасы бар…

Тоқтар ЖАҚАШ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан алынды.