Газетке жазылу туралы мұғалім айтпаса, кім айтады?

0
526

Өткен аптада немеремнің сынып жетекшісімен сөйлесуге мектепке бардым. Сөйлестік, немеремнің сабағы, тәртібі туралы пікір алмастық.

Оқушыларға балалар баспасөзіне (Ұлан, Ақжелкен, Балдырған, Айгөлек) жазылу туралы айтуын сұрадым. Сынып жетекшісі бірден «Біз олай айта алмаймыз, газетке жазылу туралы тапсырма беруге болмайды» деп айтты.

Мен тапсырма беруге болмаса да, газет оқудың маңыздылығы туралы, газетен де оқу-білімге қажетті материалдар табуға болатындығы туралы айтып жол табуға болатынын айттым. Бірақ сынып жетекшісі айтқанынан қайтпады. Осылайша бұл ұсынысым өтпеді.

Сынып жетекшісінің «Біз газетке жазылу туралы айта алмаймыз» деген сөзі «Кітап сатып алмаңдар» деп айтқандай әсер етті.

Бұл қалай болғаны?

Балалар әдеби кітап оқымайды дегенді жиі естиміз. Бұған кім кінәлі? Әрине, газетке жазылу туралы айта алмайтын, газет оқудың маңызын, оның тәрбиелік мәнін түсінбейтін мұғалімдер кінәлі. Газетке жазылу туралы мұғалім айтпаса, кім айтады?

Меніңше, бұған оқушыға не керек екенін түсінбеген реформа жасаушылар кінәлі. Оқушыға «былай айтуға болмайды, бүйтуге тыйым салынады, ананы ал, мынаны алма» деп айтылатын тыйымдар мен түсініксіз тапсырмалар кінәлі.

Мұғалімдер де осындай қорқытып үркітетін тапсырмалардан ығыр болған шығар. Мен солай ойлаймын. Мектепте де «Бізде бәрі жақсы» деген мәлімет беру сәнге айналды. Білім саласы оқушы жағдайын, тәрбие ісін, сабақ беру әдісін жақсы білетін министрге жарымай-ақ қойды.

Қазіргі Ұлан газетінің таралым саны 3600-дей екен. Газет сайтында 4-5 мың таралыммен шығады деп көрсетіліпті. Тым аз. Қазақстандағы мектептер санына да жетпейді.

Әрбір мектеп өз кітапханаларына бір газеттен жазылғанның өзінде де газет таралымын одан әрі арттыруға болады . Ал әр сынып бір газеттен ғана жазылса, газет таралымы бұдан 10-15 есе көбейеді.

Мұғалімдерге республикалық, облыстық, аудандық әкімдік газеттеріне жазылуға тапсырма берілетіндігін білеміз. Ал балалар газеттеріне жазылуға неліктен тапсырма берілмейді?

Неліктен үгіт-насихат жүргізбейді?

Оқушылардың ата-аналарына балаларға арналған басылымдарға жазылу туралы айтуға, хабарлауға, үгіт-насихат жүргізуге болады емес пе? Қиын емес!

Елімізде 6-17 аралығында төрт миллионға жуық оқушы бар.

Бір кем дүние!

Бекмырза СЫРЫМБЕТҰЛЫ, қоғам белсендісі.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.