Назарбаевты жуындырып жүріп 500 млн$ тұратын жерді иемденген

0
531

Назарбаевтың моншашы-генералы билік басындағылармен жақын қарым-қатынасын пайдаланып, Алматыға тиіп тұрған 820 гектар жерді қанжығасына бөктерді.

Ол кезде бұл жерлер Қарасай ауданына қарайтын. Ал Қарасай ауданын Болат Назарбаевтың сенімді адамы Болатби Құтпанов басқарды. 2007-2008 жылдары Құтпанов ұлттық парктің де жерлерін жекеге сатып жіберіп, істі болады.

Өзі қолдан жасаған былыққа малтығып, тергеу уақытында өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болады. Талай былықтан солай құтылғанымен, соңында қалған заңсыздықтардың түйіні әлі тарқамады.

Бүгінде Құтпанов қалдырып кеткен “даулы мұра” көптеген соттың талқысына айналды. Павел Новиков та сондай заңсыз латифундистің бірі.

Қазір моншашы-генерал қайтсе де 820 гектар шұрайлы жерден айырылмаудың барлық амалын жасауда. Қолда бар бүкіл ресурсын осы мәселеге жұмылдырған.

Новиков иемденген жер дәл сол жылдардағы “Жер кодексінің” 132 және 133 баптарына сәйкес “су қоры” аумағына жатады. Заң бойынша, су қоры аумағы жекеменшікке берілмейді.

Уақытша қолдануға ғана беріледі. Яғни, Құтпановтың шығарған шешімі сол кездегі заң талаптарына да қиғаш келген. Қазір әлгі жерлер Алматы қаласы Бостандық ауданына қарайды. Әл-Фараби көшесінің оңтүстік бөлігі.

Нарық бағамы бойынша бағаласақ, Новиков иемденіп алған жердің құны дәл қазір ең кемі 500 млн доллар! Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “заңсыз шығарылған активтерді қайтару” бастамасына дөп келеді.

Өйткені, заңсыз шығарылған активтің ең төменгі бағасы 100 млн теңгеден кем болмау керек. Ал Новиков болса, 25 млрд па, триллион ба, есептей алмай қалдым ғой!

Әйтеуір, саны түсімізге кіретін активті астына басып жатыр! Қарапайым біреу Алматы маңынан 6 сотық жер алу үшін өмір бойы кезекте тұрады!

Сондықтан, ештеңеге қарамастан, солқылдамай, Новиковтың иелігіндегі жерді мемлекетке түгел қайтаруы керек! 75 жастан асқан кәрі шалдың енді жасармасы анық. Ол енді 150 гектар алма бақ пен ұлттық парктің 680 гектар жерін ана жаққа өзімен бірге әкетпейтін шығар?!

Қалған бизнесі де жетеді оған! Заңсыз жер мемлекетке қайтарылсын!

Тоқтар ЖАҚАШ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен алынды.