Айман Сағидулла: «Мен наркоман емеспін!»

0
198

Facebook парақшасында белсенді ұстаз Айман Сағидулла «Мен наркоман емеспін!» деп басталатын жазба жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.

«Мен наркоман емеспін. Есірткі дегеннің не екенін білмеймін. Темекі тартып көрмегенмін. Ішімдік те ішпеймін.

Қызым әлі кәмелет жасына толған жоқ. 17 жаста ғана. Ол темекі тартпайды, ішімдік ішпейді. Есірткі дегенді түсінбейді . Түсінбей-ақ қойсын! Кеште қыдырмайды. Оқуға барады, тіке үйге келеді.

Біз кәдімгі тәртіпті отбасымыз. Бұның бәрін неге айтып отырмын?

Кеше бір кісі :»Сіз байқап жүріңізші, сөмкеңізді көрінген жерге қалдырмаңыз. Әңгіме естідім.

«Айманның сөмкесіне наркотик салып жіберу керек. Сонда ғана одан құтыламыз,»- деп тапсырма беріліпті,» -дейді.

-Кім берген тапсырманы? Не үшін? -дедім.

— Ол жағын білмеймін. Тек ескертіп жатқаным, сізге жаным ашып тұр.

-Рақмет! Алаңдамаңыз,-дедім.

Бұл әңгіме өтірік болуы да мүмкін. Өтірік болса, тіптен жақсы.

Ал, егер рас болса ше? «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар ғой. Алла сақтасын!

Кім қалай ойласа ,солай ойласын! «Бұл кім еді сонша, «-дейтіндер де бар болар. Дей берсін!

Мен отбасымды қорғауға міндеттімін. Сондықтан жазба жариялауыма тура келді. Мені түсінуге тырысыңыздар! Кешеден бері ойланып осы шешімге келдім.

Кім айтқанын айта алмаймын. Ол да өзі үшін қорқып, айтпауымды өтінді. Айтпауға сөз бердім.

Осы кезге дейін бұндай мәселе болмаған еді. Тыныш қана өмір сүріп жүрген қарапайым отбасымыз.

Аяқ асты неге бұндай өсек шықты?

Мені мұқатуға дайын адамдар бар болса, алдын ала айта салайын. Дәл осы жазбаны өзім үшін емес, қызым үшін жазып отырмын.

Менің қызым қардан да аппақ, кінәсіз періште.

Отбасымды қорғауға міндеттімін! Себебі мен АНАМЫН!Түсінеді деп сенемін!», — деп жазды Айман Сағидулла.

Түсінгеніміз, Оқу ағарту министрлігінің «Мақсатты мектеп» жобасына қатысты Айман Сағидулланың наразылық танытып, петиция жариялауға мұрындық болғаны кейбіреулерге ұнамаған секілді.

Әйтпесе, қарапайым мұғалімде кімнің қандай шаруасы болуы мүмкін? Сондай-ақ мынадай ақпардың дәл қазір шығуы — «Мақсатты мектеп» жобасынан басқа немен байланысты болуы мүмкін?

(«Мақсатты мектеп» жобасының не екенін білгіңіз келсе, Democrat.kz. сайтын ақтарсаңыз, талай мақала табасыз)

Айман Сағидулланың сөмкесіне анаша салып, сандалтып қою кімге керек, мұғалімге қысым жасаудың жолы көп қой дерсіз. Өкінішке қарай, басқа-басқа Айман ұстазға білім саласындағы тізесі шыққан қысымдардың ешбірін ешкім жасай алмасы даусыз.

Себебі, Айман Сағидулла — құқықтық сауаты өте жоғары ұстаз. Белсенді мұғалімнің аяғынан шалып, айналасындағы адамдар арқылы арандату әрекеттерін жасау — жоғарыдағы көкелер үшін сөз емес. Алайда бұл да аса нәтиже бере қоятын тактика емес.

Себебі Айман Сағидулла 2015 жылдары ешкімсіз — ақ, білім саласындағы бассыздықтармен күреске жалғыз өзі қасқайып шыққан алғашқы мұғалім. Сондықтан мазасы қашқан көкелер қайтпек керек?

Әлгіндей «утка» жіберіп, жүйкеге салмақ салу, қорқыту, алаңдату арқылы белсенді ұстазға тоқтау салу.

Өкінішке қарай, «ақылды көкелер» Айман ұстаз жазғандай, лас әрекеттерге тұзақ құруды ойлаған болса, «шарасыз сорлылар-ай!» деуден басқа сөз жоқ.

Ең бастысы, белсенді ұстаздың басына әлдебір, түсініксіз жағдай келе қалса, дүйім жұрт бұл жағдайдың артында кімдер тұрғанын жазбай танитын болды.

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Фото интернеттен алынды.