Президент: «Оқушыларды сапасы күмәнді өніммен тамақтандыра алмаймыз»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында оқушыларды сапалы тамақпен қамтамасыз ету туралы айтты деп жазады Democrat.kz.
«Мемлекет бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасы балаларын мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келеді. Дегенмен, тағамның сапасына назар аударға тиіспіз. Жақында Маңғыстау облысында балалардың улану оқиғасы қоғамда резонанс тудырды. Мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу керек. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қатаң бақылау қажет. Бұл жерде мәселе әлдеқайда үлкен. Біз мектеп оқушыларын сапасы күмәнді өніммен тамақтандыра алмаймыз», — деді ол.
Мұнан бөлек, Президент оқушыларды тамақтандыру тәсілін халықаралық тамақтану стандарттарына өзгерту керегін, соған ұмтылуымыз керегін айтты.
«Мектеп асханаларындағы тамақ енді өсіп келе жатқан ағзаны бүкіл қажетті заттармен қамтамасыз етуі керек. Тиісті құрылымдар мектеп асханаларындағы тағамның сапасын жақсарту мәселесін түбегейлі шешуі керек. Мектеп асханаларында дұрыс және теңгерімді тамақтану мәдениетін қалыптастыру үшін агроөнеркәсіптік кәсіпорындар оқу орындарының серіктестері ретінде әрекет етуі керек», — деді Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында.
Фото интернеттен алынды.