Жаназада сөз сөйлеудің керегі бар ма?

0
2836

Адам жасырақ кезінде тек қана қызық-қуанышқа баратындай. Тікелей өз туыстарына қатысы болмаса өлік жөнелту мақсатына бас ауыртпайды екен.

Жас ұлғая өлік-тірікке қатар араласа бастайсың. Себебі, үйленесің, екі жақтың қызығына да қайғысына да қатысуға міндеттелесің. Сондай-ақ, араласатын ортаң көбейеді. Сәйкесінше түрлі жиындарға бас сұғуда көбейе түседі.

Сонымен, кейінгі кезде адамды жерлеп болысымен құдайы тамақта қолға микрофон алып, жан тебіренте сөйлеу көбейіп кетті(Жылдық асынан бастап сөйлеу керек деген ұстанымдамын).

Марқұмның жамбасы жерге сол күні тигені, топырағы әлі құрғап (кеуіп) үлгермегенімен шаруамыз жоқ.

Бәріміз әлгі кісімен етене араласқанымызды білдіргіміз келіп, ең жақыны өзіміз ғана болғандай образға ене қаламыз.

Кей құдайыда имамдар көп сөйлеп кетсе, кейбірінде ас жүргізіп жүрген асабасымақтар асыра сілтейді. Көбіне, осы екіншілер ұнамай жүр. Барынша қайғылы өлеңдер оқып, 2-3 хадистен жіберіп, өзін көрсетіп қалғысы келе ме бірдеңе…

Түнеукүні барған құдайымда жиіркеніп қайттым. Кілең ығай мен сығай қатысты. Біреу Абайдыың сөзін мысалға келтіріп еді.

Екінші біреуі одан қалысқысы келмей Мұқағалидың «Пай, пай өмір өтесің-ау бір күнісін» соңына дейін оқыды.

Одан кейін тоқтай қалса жақсы ғой. Тағы біраз сілтеді. Үшінші біреу Иса Байзақов былай депті деп лепірді.

Аяқ асты маған сөз беріп қалса не айтам деп саса бастадым. Әріге кетпей, өзімнің тұстастарым Мирас Асан мен Жанат Жаңқашұлы өлеңдерін оқиын деп фейсбуктегі парақшасын ақтарып кеттім.

Бір кезде бір столда отырған ағай ана асаба жанынан өте бергенде «Әй, болды ғой енді. Тойдың өзін бұлай созбайтын шығар» деп қалды.

«Уф!» деп ойладым. Жоқ, ертерек қуаныппын. Асаба тағы екі өлең оқып, содан кейін имамға құран оқытты. Бұл жиында имамдарға ештеңе дей алмаймын.

Оқитын құранын оқып, жұртты шаршатпаудың амалын істеп отырды. Шамасы өздерінсіз-ақ мына жігіттің біраз хадис айтатынына үйреніп алғандай…

Кісі қайтқан күні фейсбукқа жаза салатын посттарды да қоса салайыншы. Бірге түскен фото салып, күңірене қаламыз. Бәрі өтірік.

Асыра сілтеп кеткен болармын. 80% өтірік. Солар тірісінде ол адамды не мазалап жүргенін сұрамаған да…

Мен өлсем менің фотоммен пост салған адамдарға сенбеңіздер.

Маған шын көмек қолын созған адамдарды мен де, келіншегім де, балаларым да біледі.

Кейін қайтарарсың, әзірге жамандау болса да бір машина алып таксовайттай тұр деп 400 мың теңге берген(4 айда қайтардым), біздің үйге сыймай тұр, бүлініп кетеді деп ешкінің бе, тоқтының ба етін әкеп берген адам болған, мені қонағынан қалдырмай, арзан болса да той-томалақ беріп тұрған жандарды өзім білем.

Жұмыссыз жүргенде Астанаға жұмысқа тартқан еркекке бергісіз қыз болды.Оны да құрметтеп өтермін. Уот, солар шын қайғырады…

Аварияға түскенімде де біраз адам көмектесті. Ұмытпаймын әрине. Хабарласпағандарды да ұмытпаймын. Әйтпесе, олармен де кезінде жап-жақсы араластық.

Бүтін бидайды бөліп жеп, жарты бидайды жарып жегендер де бар арасында. Заман түзуде аға болғысы келетін, дос боп көрінгісі келетіндер көп қой. Шындығын екі тарап та біліп тұрады…

Айсұлтан ЖАҚЫПОВ, журналист-блогер.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.