Мүшел — 12 жаста кіріп, 13 жаста шыға ма?

0
1027

Мүшел жас туралы түсінік әртүрлі екен. Бүгін осындай бір пікірталасқа куә болдым. Таласушылардың бір жағы “Бала 12 жасында мүшелге кіріп, 13 жасында шығады” десе, екінші жағы “Жоқ, 13 жасында кіріп 14 жасында шығады” деп, әрқайсысы өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысты.

Сол ортада жасы үлкені мен болған соң, “қайсы пікір оң екенін айтсаңыз”деп маған жүгінді. Дұрысы қалай екенін білгенімше айтқан болдым.

Бірақ, ойланып қалдым. Яғни, тек бұл кісілер ғана емес, біраз адам қай жаста кіріп, қай жаста шығатынын білмейтін болып тұр ғой… Соны ойлап осы мәселе бойынша бір ауыз сөз айта кеткенді жөн көрдім.

Әрине, мүшеліге кірген, шыққан уақытын білген, білмегеннен дүние өзгеріп кетпейді. Ықылым заманнан келе жатқан сенім болғандықтан жұрт мүшел жаста бір өзгеріс болады деп күтеді.

Бұл сенімнің астарында ақиқат жатуы да мүмкін. Өйткені ғалымдар әр 12 жылда адам бойында үлкен зат алмасу болатынын, сол кезеңде адам ағзасы әлсіреп, жүйке жүйесі жұқарып, айналадағы құбылыстарды қабылдауы шабандайтынын, соның себебінен адам әртүрлі жайсыз ахуалға душар болуы мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

Бір сөзбен айтқанда, біле жүргеннің зияны жоқ…

Сонымен, адам Мүшелге қай кезде кіреді, қай кезде шығады, бұл жайлы электронды ақпаратта не дейді:

1 – мүшел – 13 жас (ер жете бастау). 13-те кіреді — 14-те шығады

2 — мүшел — 25 жас (жігіттік шақ). 25-те кіреді — 26-да шығады

3 – мүшел – 37 жас (ақыл тоқтату). 37-де кіреді — 38-де шығады

4 – мүшел – 49 жас (орта жас). 49-да кіреді — 50-де шығады

5 – мүшел – 61 жас (орта жас). 61-де кіреді — 62-де шығады

6 – мүшел — 73 жас (қарттық). 73-те кіреді — 74-те шығады

7 – мүшел – 85 жас (кәрілік). 85-те кіреді — 86-да шығады

8 – мүшел – 97 жас (қалжырау). 97-де кіреді — 98-де шығады

9 – мүшел — 109 жас (шөпшек сүю). 109-да кіреді — 110-да шығады

10 – мүшел – 121 жас (немене сүю). 121-де кіреді — 122-де шығады

(“Sputnik.kz ” сайтынан алынған деректе осылай көрсетілген.)

Алайда көп адам бұнымен келісе бермейді екен. “Мүшел жас жылымен кіріп, жылымен шығады”немесе “Адамның құрсақта жатқан кездегі кезең де бір жасқа есептеледі” деген пікір басым.

Сонымен, Сіз қалай ойлайсыз? Дұрысы қалай? Этнографтар не дейді?

Әділбек ҚАБА, ақын.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.