Мектептегі бала шешінетін бөлмеге бақылау камера орнату дұрыс па?

0
358

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатқан «мектеп әжетханасына орнатылған бақылау камерасы» тақырыбы бүгін басқа қырынан жалғасты деп жазады Democrat.kz. тілшісі. 

Бізге жеткен хабарға қарағанда, Шымкент қаласындағы №29 Ә.Молдағұлова атындағы мектептегі әжетханада ғана емес, оқушылардың дене шынықтыру сабағында киім ауыстыратын бөлмесі, яғни жалпақ тілмен айтқанда, «раздевалкада» да бақылау камералары орнатылған. Орнаттырған да мектеп басшысы — Майра Мамахова. Себеп?

Себеп сол — бала қауіпсіздігі үшін деген жаттанды жауап. Алайда бала қауіпсіздігі деп отырып, бала құқығы деген нәрсені ұмытып отырған жоқпыз ба?

Әжетхана мәселесі туралы кеше, бүгін жаздық. Ал енді «раздевалкаға» қатысты ұзын-сонар мақала жазудың керегі бар ма?

«Раздевалкада» ұл мен қыз шешініп, мектеп формасын спорттық киімге ауыстырады. Адамның қалай киініп-шешінетінін мектеп басшылығына түсіндірудің қажеті бар ма?

Шымкент қаласы Білім бөлімінен қазірге дейін үн шықпады. Бәлкім Білім бөлімін «и.о» басқарып отырғандықтан, әзірге мұндай дүниелермен бас қатырғысы келмейтін болар?

Олай болса, ресми ақпарат құралы ретінде Оқу ағарту министрлігі бақылау камералар мәселесіне қатысты жоғарыда қойылған сауалдарымызға жауап береді деп үміттенеміз.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.