Алашордашылардың мүлт кеткен саяси шешімі
Қазақстанның ХХ ғасыр басындағы саяси тарихы күрделі кезеңдердің бірі болып табылады.
Осы дәуірде қазақ халқының азаттығы мен болашағы үшін күрескен ұлы тұлғалар:
Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов пен басқа да ұлт қайраткерлер түрлі жолдарды ұсынды.
Енді Мұстафа Шоқайдың Түркістан Республикасы идеясы мен АлашОрдашылар — Әлихан Бөкейхан,Ахмет Байтұрсынов,т.б қайраткерлердің Ресейге автономия болу саясатының ерекшеліктерін салыстырып, олардың саяси бағдары мен нәтижелеріне талдау жасап көрсек..
МҰСТАФА ШОҚАЙ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ИДЕЯСЫ:
Мұстафа Шоқай Түркістан халықтарының бірлігі мен тәуелсіздігін өзінің басты саяси мақсаты ретінде көрді.
Оның көзқарасы бойынша, Түркістан халықтарының (қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен және т.б.) ортақ тарихы, мәдениеті мен діні мықты һәм бірегей мемлекет құруға негіз бола алатын мықты саяси жоба еді.
Мұстафа Шоқай ұсынған Түркістан Республикасы идеясы бірнеше маңызды қағидаттарға сүйенді:
Толық тәуелсіздік:
Мұстафа Шоқай Ресей империясының отаршыл саясатын толық мойындамады және Түркістанның тәуелсіздігін кез келген саяси келісімдердің негізгі ұстанымы деп білді.
Ұлттардың ынтымақтастығы:
Ол ұлттық ерекшеліктерге құрмет көрсету арқылы Түркістан халықтарының бірлігіне қол жеткізуді көздеді.
Аталмыш идея түркілік және діни-жәдидтік бағыттағы достық ұғымдарымен тығыз байланысты болатын.
Еуропалық демократиялық принциптер:
Мұстафа Шоқай тәуелсіз Түркістанның демократиялық негізде құрылуын қолдады.
Оның осы идеясы Еуропадағы эмиграция кезіндегі еңбектерінде айқын көрінеді.
Түркістан Республикасы идеясы Шоқайдың большевиктерге және олардың отаршылдық саясатына қарсылығымен айқындалды.
Мұстафа Шоқай Кеңес Одағының шынайы еркіндік әкелмейтінін түсініп, большевизмді отаршылдықтың жаңа түрі ретінде сынады. Оның пікірінше, автономияның орнына толық тәуелсіздікке ұмтылу – жалғыз дұрыс жол еді.
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН, АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ НЕМЕСЕ БАСҚА ДА АЛАШОРДАШЫЛАРДЫҢ АВТОНОМИЯ САЯСАТЫ:
Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш қайраткерлері сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік ахуалға сай Ресей құрамында автономия алу саясатын ұстанды.
Олардың таңдауын бірнеше факторлармен түсіндіруге болады:
Тарихи-экономикалық тәуелділік:
Қазақ халқының экономикалық, әлеуметтік құрылымы Ресей империясына тәуелді болғасын,бұл процесс Алаш көсемдерін Ресеймен ымыраға келуге итермеледі.
Уақытша ымыра:
Алашорашылар толық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін алдымен автономия алу тактикасын қолданды.
Олардың ойынша бұндай тактика қазақ халқын жаппай қырғыннан қорғаудың бір жолы ретінде көрінді.
Орталықтандырылған күштерге қарсы шығу мүмкін еместігі:
Ресейдегі 1917 жылғы төңкерістерден кейінгі хаос жағдайында қазақ даласының бірден толық тәуелсіздік алу мүмкіндігі шектеулі болды. Сондықтан автономия – саяси шындыққа бейімделу жолы ретінде қарастырылды.
Алайда, аталмыш саяси бағыттың әлсіз тұстары көп еді.
Кеңес өкіметі Алашорда автономиясын тек уақытша ғана мойындады, кейін оны толықтай жойып, қазақ зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратты. Бұл автономия саясатының тарихи перспективада сәтсіз болғанын анық көрсетті.
ИДЕЯЛАРДЫҢ ТАРИХИ БАҒАСЫ
Тарих тұрғысынан қарағанда, Мұстафа Шоқайдың Түркістан Республикасы идеясы стратегиялық тұрғыдан болашақты анағұрлым саяси көрегенділікпен дәл болжап, ұлттардың шынайы тәуелсіздікке ұмтылысын білдірді.
Ал Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсыновтардың автономия саясаты қысқа мерзімдік шешім ретінде өзін-өзі ақтамады.
Кеңес Одағының репрессиялық саясаты қазақ халқының ұлттық элитасын жойып, автономия идеясын толық жоққа шығарды.
Мұстафа Шоқайдың идеясының күшті жағы – ол ұлттық тәуелсіздіктің маңыздылығын ерте түсінді және большевизмнің алдамшы уәделеріне сенбеді.
Оның идеялары қазіргі заман үшін де өзекті, өйткені ұлттық бірлік пен тәуелсіздік бүгінгі күннің басты құндылықтары болып табылады.
Сөзімді қорытындылай келе Мұстафа Шоқайдың Түркістан Республикасы идеясы ұлттық мүдделер тұрғысынан анағұрлым дұрыс және болашақты дәл болжаған шешім деп есептеймін.
Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов бастаған алашордашылардың автономия саясаты сол кезеңдегі шынайы жағдайларға бейімделгенімен, оның ұзақ мерзімдік стратегиялық мүмкіндіктері өте шектеулі болды.
Бұл оқиғалардан түйер сабақ – тәуелсіздік пен ұлттық бірлікке ұмтылу ешқашан уақытша ымыра мен саяси коньюктураға құрбан болмауы тиіс.
«Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Тұрарбек ҚҰСАЙЫНҰЛЫ.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.