«Ғани Бейсембаев мырза, бар үмітім сізде!» дейді белсенді ұстаз
Әлеуметтік желіде Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан жәрдем сұрайтын ұстаз саны аз емес. Бір әділдік жасаса, министр жасайды деп сенеді. Солардың бірі, аттестация барысында әділетсіздік көрген алматылық ұстаз әлеуметтік желіде министрден көмек сұрады деп жазады Democrat.kz.
Өз жазбасында алматылық мұғалім Ләйлә Құсмолдаева биылғы аттестация тапсыру кезінде өзіне әділетсіздік жасалғанын, біліктілік санатын осынау әділетсіздіктің салдарынан сақтап қала алмағанын айтады.
«Мен Жаңа Қазақстанның болашақ ұрпағына 30 жыл білім мен тәрбие беріп келе жатқан ұстазбын.
Аты – жөнім Құсмолдаева Ләйлә Жақсылыққызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Бейне үндеу жолдау себебім, 2023 жылы Астана қаласы № 91 мектеп – гимназиясында жұмыс істеп жүрген кезімде кезекті педагог – зерттеуші лауазымын растауға (бұл менің төртінші рет кезекті растауым) өтініш жазып, аттестацияның бірінші кезеңі тестен сәуір айында өз мерзіміммен өттім. Екінші кезеңге портфолио құжаттарымды 7 маусымда Астана қаласының әдістемелік орталығына тапсырдым.
Маған 5 айдан кейін Астана қаласының № 91 мектеп — гимназиясының директордың әдістеме ісі — жөніндегі орынбасары Касиенова Д.К 2024 жылдың 21 қазанында аттестация бұйрығының шыққанын және мен педагог – зерттеуші лауазымын растамағаным туралы хабарлады.
Мен, 23 қазанда Астана қаласының әдістемелік орталығына апелляцияға өтініш беріп, № 234 болып тіркелдім. Апелляция жауабы екі айдан кейін 12 желтоқсан сағат 18: 20 уақытымен ватсап желісімен жіберіліп отыр. Бұйрық 6 желтоқсанда шыққан.
Бұйрықта 2.1, 3.1, 3.3 және 3.4 тармақтары жоқ деген себептермен «Педагог-зерттеуші» лауазымынан «Педагог-сарапшы» лауазымына төмендетілгендігім туралы баяндалады. Педагогтарды аттестаттау ережесінің келесі тармақтары бойынша келіспейтінімді хабарлаймын. Себебі менде
2.1 тармағы бойынша оқушыларымның жетістіктері бар, қосымшада Турдыматова Рухшана, Ермекқызы Әлия, Бейсенғали Алиханның марапаттарын жүктедім.
3.1 тармағы бойынша: «Оқылым, тыңдалым, жазылым дағдыларын қалыптастыруға арналған 3D анимациялық мәтіндермен жұмыс жасаудың практикасы» тақырыбындағы авторлық бағдарламам 2021 жылы 31 мамырда №337 хаттамамен мақұлданған және баспаға ұсынылған. Қазіргі таңда, өзге тілді сыныптарда қазақ тілін оқытуда күнделікті өзім және әріптестерім қолданып жүр.
3.3 және 3.4 тармағы бойынша: Астана қаласының № 91 мектеп-гимназиясында «Lesson study» және «SHARE» бағдарламасы бойынша 2021 – 2024 жылдар аралығында мектеп үйлестіруші болып жұмыстар атқардым. Зерттеу алаңында мектеп мұғалімдерінің іс – тәжірибелерін ұйымдастыра отырып, оны таратуға тікелей басшылық еттім. Әріптестеріме әдістемелік қолдау көрсетіп, семинарлар мен коучингтер өткіздім. Сонымен қатар, атқарылған жұмыстар бойынша келесі сертификаттарым мен алғыс хаттарымды қосымшада ұсынып отырмын.
2022, 2023, 2024 жылдары алған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталық пен Астана қалалық әдістемелік орталықтың серитификаттары мен алғыс хаттарын жүктедім
Осындай жетістіктерім болғанымен, өкінішке қарай менің портфолиом аттестацияда «педагог – зерттеуші» лауазымына лайық емес деп табылып, «педагог — сарапшы» лауазымына төмендетіліп отыр.
ҚР бас ұстазы, құрметті Ғани Бектайұлы, Сізден қатардағы 30 жылдық еңбек өтілі бар, адал еңбек етіп жүрген ұстаз ретінде менің құжаттарымды қайта қарап, әділ шешімін шығарады деген үміттемін» деп жазған Ләйлә Құсмолдаева арнайы видеоүндеу де жариялады.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.