Елімізде әйелге айналғысы келетін еркек көп екен
Қазақстандағы республикалық психикалық денсаулық сақтаудың ғылыми-практикалық орталығының мәліметінше, жыл сайын жынысын ауыстырғысы келетін 35-40 адам орталық қызметіне жүгінеді екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олардың басым бөлігі 21 жастан 35 жас аралығындағы адамдар. Анықталғандай, елімізде әйелдерден қарағанда ер адамдар жынысын көп ауыстыратын болып шықты.
Қазақстанда жынысын ауыстыратындар үшін арнайы заң бар екені белгілі. Дәл осы құжат, яғни, денсаулық сақтау министрлігінің «психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудің кейбір мәселелері туралы» 203-бұйрығына сәйкес реттеледі. Жынысымды ауыстырамын деген әйел не ер адам ең бірінші арнайы дәрігерлік комиссияның рұқсатын алуы керек. Ол комиссияның құрамында дәрігер-терапевт, эндокринолог, гинеколог, уролог, психолог және психиатрлар кіреді. Барлық сынақтарды жинап, тексеруден өткеннен кейін дәл осы дәрігерлер өз үкімін шығарады.
Бұл бұйрыққа сай, жынысымды өзгертемін деген адамға дәрігерлер ең алдымен гормондық терапия ұсынады. Одан бас тартса, жыныс мүшесі хирургиялық жолмен ауысады.
Қазақстанда кез келген дәрігер мұндай операцияны жасай алмайды, өйткені оған сұраныс өте аз, бірақ құны бойынша бұл операция басқа елдерге қарағанда қымбат емес.
Мұндай операциялардың құны 5 миллион теңгеден басталып, 10 миллион теңгеге дейін жетеді.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.