Министр Ғани Бейсембаевтың «эврикалары» ешқашан бітпейді

0
1422

Facebook әлеуметтік желісінде қазіргі Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың атқарып жатқан жұмыстарына көңілі толмайтын мұғалім саны күн санап көбеюде деп жазады Democrat.kz.

Атауларын түрлендіріп, гүлдендіріп қойып Оқу ағарту министрлігі білім саласында «жаңалық ашудан» жақында рекорд орнататын шығар, сірә!?

«Нысаналы мектеп» жобасы деп жұртты бір шулатты. Артынша «нысаналы» сөзін «мақсаттыға» ауыстырып жіберіп, елді екі шулатты.

Түкке алғысыз, пафосқа толы ұрандатулар әзірге Оқу ағарту министрлігі тарапынан толастамай тұр. «Ұлттық тәрбие» дейтін  бір ұрандары бар. Дәп бір резіңке қазанға ұқсайды.

Әлгі «ұлттық тәрбие» деп аталатын қазанға ойдан-қырдан идея әкеліп, салып жатыр, салып жатыр. «Ұлттық тәрбие» қайнауға тиіс қазаннан жақында қазақстандықтар езілген ботқаның қойыртпағын ішіп жүрмесе, жарар еді.

Мұнымен тоқтайтын Оқу ағарту министрлігі жоқ. Пәндерді біріктіреміз, кіріктіреміз деп жұртты тағы шулатты. Бұл «жаңалықтары» — айран ұйытатын сүтке су қосамыз дегенмен бірдей болды.

Дәл осы мәселеге қатысты белсенді ұстаз Маржан Алыпқараева өзінің әлеуметтік парақшасында:

«Ғани Бейсембаев, мырза! Жаңа стандартты қандай оймен талқылауға қойдыңыздар? Жаңардық, үштілдендік, нысанаға алындық.

36 аптаға көше тұрып 34 аптаға қайта көштік.

Алтын белгілерді жинап алып емтихан алуды қайта мектептерге алып келдік.

40 минут өтсек болады, бірақ демалыс кездерінде толықтыру керек дедік.

Тағы не қалды?!

Жазғы демалыста Астанаға барып келген әріптесім «Маржан, сенің Дана екеуіңнің өткен кіріктірілген сабақтарыңды (9-сыныптың алгебрасы мен дене шынықтыруды) министрлікте көрсетіпті»- деп айтқанында енді министрліктен не күтер екенбіз деген едім, көп күттірмей жаңа СТАНДАРТ шықты.

Менен ұсыныс: алгебра мен дене шынықтыруды, химия мен қазақ тілді, математика мен еңбекті, т.б. да осылай кіріктіруге болады!

Жақсы идея — екі мұғалім бір сыныппен жұмыс жасайды.

Сол семинардың мақсатының өзі қисынсыз (абсурд) еді.

Мұғалім — шебер, барлық жағдаяттан шығатын жол таба береді екен деп, кез-келген жаңа Стандарт ойлап тауып тыға беруге болмайды. ЖАҢА СТАНДАРТТЫ енгізгенше орныңызды босатқаныңыз дұрыс!» деп жазды.

Осы жазбадан кейін Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қауашағына «орнымнан кеткенім — дұрыс-ау» деген ой келуі мүмкін бе? Армандамаңыз!

Ғани Бектайұлы әлі мыңдаған мақсатты мектеп жобасын, саны көп стандарттарды мұғалімдеріне «сыйлап», қайнауы тоқтамайтын»ұлттық тәрбие» қазанында әлі талай эврикаларын езеді.

Сондықтан қазақстандық ұстаздар, белді бекем буып, жүйке талшықтарыңызды талай дүниелерге дайындағандарыңыз — өздеріңізге жақсы.

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.