Шыршадан құлаған мұғалімнің қазіргі жағдайы қалай?

0
139

Семейде Жаңа жылдық шыршаны безендірген мұғалім биіктен құлады. Зардап шеккен педагогтың қазіргі жағдайы белгілі болды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жағдайы тұрақты — Денсаулық сақтау басқармасы

Желіде осы оқиғаға қатысты видео тарады. Желі қолданушысы зардап шеккен мұғалім 4-5 метрлік биіктен құлап, қазір бас жарақатымен өте ауыр халде, жансақтау бөлімінде жатқанын айтады.

«Ол — Семей қаласының ақыны, қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. Олар неге мұғалім ретінде барып, алаңдағы шыршаны безендіріп, құруы керек? Неге байғұс мұғалімдерді жұмыстан тыс уақытта шақырып алып, өте қауіпті жұмысты істеткен?!» — дейді видео авторы.

Денсаулық сақтау басқармасының Massaget.kz-ке берген жауабына сүйенсек, зардап шеккен адамның жағдайы тұрақты.

«Медицина қызметкерлері тәулік бойы бақылауды және қажет ем шараларын жалғастырып жатыр», — деп жазылған ведомство жауабында.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мұғалім жансақтау бөлімінде емес, палатада жатқанын айтты.

Қызметтік тексеріс басталды — Білім басқармасы

Абай облысы Білім басқармасының мәліметінше, бұл дерекке қатысты қызметтік тексеріс басталған.

«Семей қаласында мұғалімдерді Жаңа жылдық шыршаны безендіруге тарту дерегі бойынша барлық мән-жайды анықтау үшін қызметтік тексеріс басталды. Заң талаптарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылады», — деп жазылған хабарламада.

Оқиға қалай болды?

21 желтоқсанда Семей қаласында Қуат Айтқалиев есімді мұғалім биіктен құлаған. Бұл жағдай туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Шенеунік бұл әрекетті «заңбұзушылық» деп атап, жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.