Семейде шыршадан құлаған мұғалімнің қазіргі жағдайы қалай?
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басшысы Гүлнәр Сәрсенбаева Семейде биіктен құлап кеткен мұғалімнің қазіргі жағдайы жайында айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Гүлнәр Сәрсенбаеваның айтуынша, мұғалім жансақтау бөлімінен шығарылып, палатаға ауыстырылған.
«Науқас 21 желтоқсанда бас сүйек-ми жарақатын алды. Сол күні шұғыл ота жасалды, қазір жағдайы жақсарып келеді. Есін жиды, қажетті медициналы көмекті алып жатыр. Жансақтау бөлімінен жалпы бөлімге ауыстырылды», – деді ол.
Министрлік өкілінің айтуынша, мұғалім денсаулық жағдайына байланысты әрі қарай да бақылауда болады.
«Науқас сұрақтардың бәріне жауап береді. Денсаулық жағдайына байланысты бақылауда болады. Оның қызметіне қайта орала алуы, барлығы ағзаның жағдайына, қаншалықты тез қалпына келуіне байланысты. Жарақат ауыр, қалпына келу ұзақ уақытты талап етеді», – деп түсіндірді департамент басшысы.