Ғани Бейсембаев, балаларды неге алалайсыздар?

0
867

Кеген ауданындағы оқушыларға көшеде сыйлық таратуға тура келді. Себебі аудандық білім бөлімі директорларға жаңажылдық сыйлықты мүлде мектепке жолатпаңдар деген қатаң тапсырма беріпті.

Тіпті аяз атаның дорбасына кәмпит салып, пшинәй таратушы болмаңдар деп бұйырған. Сондықтан тәтті-пәттісін арқалаған ата-ана мен мұғалімдер ұл-қыздарын көшеде құттықтауға мәжбүр болған.

Аяз атадан сыйлық алмадық деп дымды да түсінбейтін бүлдіршіндер қиғылық салып жатыр дейді.

Бұл біздің мейрам емес, дінімізге қайшы деп менімен дауласуыңызға болады. Бірақ оған айтар аргументім бар.

Күні кеше Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің үздік оқушыларын елордаға жинап, Президент шыршасын өткізді. (2-суретті қараңыз) Тіпті балаларға сыйлық үлестіріп, талай телеарна мен сайт оны жарыса жазды.

Сонда Ақорда мен Білім министріне шырша өткізуге рұқсат та, Кеген ауданы тоқалдан туылды ма? Біздің ауданның балалары бұл мерекені неге тойламайды? Оқу ағарту министрлігі, бұл бұйрықты кім шығарды?

Ең қызығы балаларды мерекелік көңіл-күйден айырған басшылар бүгін өздері Көлсайда корпоратив өткізіп, жаңа жылды тойлап жатыр екен. Нонсенс па, нонсенс!

Заң бәріне ортақ болуы тиіс! Егер жаңа жылды тойлауға болмайды десе, бүкіл елде тыйым салу керек. Әлдебір басшылардың бұйрығымен балаларды алалауға болмайды.

Диас НҰРАҚЫН, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан алынды.