Өлімді күлкіге айналдырып, ауруын қарқылдай күліп жеңген адам

0
65

Осыдан көп жыл бұрын бойында күш-қайраты тасып тұрған, кемел ойлы журналист, “Saturday Revue” журналының Бас редакторы Норман Казинс аяқ астынан белгісіз дертке душар болды.

Қызуы көтеріліп, бүкіл денесі сырқырап ауырып, жанын көзіне көрсетеді. Күн өткен сайын жағдайы күрт нашарлай берді. Арада бір апта өтпей жатып қозғалысы қиындап, мойнын бұрып, қолын көтерудің өзі азапқа айналды.

Сәлден кейін жағын ашып, тамақ шайнау да қиындық тудыратын болды. Ауруханаға жатқызылған оған тиісті сараптамалар жасалды. Оның қорытындысы шыққанға дейінгі күтудің азабы қандай еді десеңізші?!

Ақыры диагноз қойылып, Норманның коллагеноз деген аутоиммундық дертке шалдыққаны белгілі болады. Қатерлі дерт оның бүкіл ағзаларын зақымдап қана қоймай, оның иммундық жүйесі өз ағзасына қарсылық көрсете бастады.

Күн өткен сайын Казинстің денесі өзінің ырқына бағынбай бара жатты. Қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіріп жүрген журналист бір-ақ күнде сал болып қалды. Ол үшін төсегінде аунап жату тұрмақ өз бетінше аяқ-қолын қозғалтудың өзі азапқа айналды.

Жазмыштың маңдайға жазғанына қарсы тұра алмай тағдырына налыған Казинс қозғалыссыз төсеккке таңылды. Дәрігерлер бұндай аурудан ілуде бір, бес жүз аурудан бір адам ғана айығатынын алдыға тартты. Жанына батқан сырқатынан бөлек қорқыныш пен үрей, өзінің төрт қабырғаға телмірген шарасыз күйі жанын жегідей жеп бара жатты. Сол түні Норман түні бойы кірпік ілмей шықты. «Осы уақытқа дейін дәрігерлер маған қолынан келгеннің бәрін жасады. Демек, медицина бұл аурудың алдында дәрменсіз боп тұр. Егер мен тірі қалғым келсе, енді өзім әрекет жасауым керек. Сол себепті бұдан айығудың жолын өзім табуым керек» деп ойлады ол.

Сөйтіп, өзін-өзі емдеуге бел байлайды. Немен, қалай дейсіздер ғой? Күлкімен! Вот, солай! Күлкімен! Бірде өзінің Хитциг деген дәрігерінің «Егер адамның эндокриндік жүйесі қуатты жұмыс жасаса, ағза кез-келген ауруды жеңіп шыға алады» дегені бар. Сол есіне түседі.

Ал сәйкесінше қорқыныш, үрей, күйзеліс, қайғы-мұң бұл жүйенің күйреуіне әкеліп соғады деген еді ол. Аталған жағымсыз көңіл-күй күйзеліс гармондары – адреналин мен норадреналин бөлетінін, сөйтіп, ол қан арқылы бүкіл денеге жайылатынын айтқан болатын.

Демек, көңіл-күйдің нашар болуы адам ағзасына кері әсерін аямай тигізетін болса, керісінше жақсы көңіл-күй науқас адамның сауығуына ықпал етпей ме деп ойлады Норман.

Сөйтіп, ең қарапайым әрі арзан тәсіл –күлкі арқылы емделуге бел байлайды. Ол енді құры жатпай, әйгілі дәрігерлер мен ғалымдардың еңбектерін оқуға кіріседі.

Олардың да жазып кеткен дүниелерінен жақсы көңіл-күйдің адам ағзасы үшін мың да бір ем екенін ұғып, көз жеткізеді.

Мәселен, XVII ғасырда өмір сүрген дәрігер Р. Бартон өзінің «Меланхолия анатомиясы» деген зерттеу еңбегінде «Күлкі – қанды тазартып, денені жасартады, жүрек аурулары үшін таптырмас дәрумен» деп жазған екен.

Сондай-ақ Бартон күлкі барлық дертке ем екенін қадап айтқан екен. Иммануил Кантыңыз өз еңбектерінде күлкінің ағзадағы барлық өмірлік маңызы бар процесстердің белсенділігін арттыратынын жазыпты.

Зигмунд Фрейд «Юмор — адамзат психикасының ғажап көрінісі» екенін айта келіп, оның емдемейтін кеселі жоқ екенін тілге тиек еткен. Ал америкалық ғалым У. Фрей өзінің ұзақ жылдар бойғы тәжірибесіне сүйене отырып, күлкінің жүрек қан тамырларының жұмысына айтарлықтай ықпал етіп, қан айналысы мен тыныс алуға, бұлшық еттердің жиырылуына жағымды әсер ететінін жазған екен. Ол ішегің түйілгенше күлген кездегі бұлшық еттердің жұмысына ештеңе тең келмейтінін жеткізген. Сонымен қатар ішек -сілең қата қатты күлгенде мида морфиға ұқсас заттың бөлінетінін зерттеген ғалымдар күлкінің бір есептен ішкі «анестезия» қызметін атқаратыны туралы қызықты дерек-мәліметтер келтірген. Ал ол, өз кезегінде, ағзаны босаңсытып, дертті тежейді екен.

Күлкінің дәрумен ғана емес, айықпас дертке қарсы құдіреті күшті қару екенін білген Казинс осындай мүмкіндік барда төсекке таңылып, өлімді күтіп жата беруге болмайтынын біледі.

Сөйтіп, ол өзінің рухы мен тәнін күлкі арқылы аурумен күресуге жұмылдырмақ болады. Бірақ бұл, айтар ауызға болмаса, төсек тартып, бір орында тапжылмай жатқан науқас үшін оңай емес еді.

Буын-буыны сырқырап жан шыдатпай ауырғанда жанын қоярға жер таппайтын еді. Сай сүйегі сырқырап, қақсап жатқанда қайдағы күлкі?!

Оның айығуына ешқандай үміттің жоқтығын алға тартып, оны үйге шығаруға үзілді-кесілді қарсы болған дәрігерлердің айтқанына қарамастан ол ауруханадан шығып, қонақ үйге жайғасады. Қиын күндерде оның жанында сенімді серігі әрі досы, баяғы күлкінің шипасы туралы айтқан доктор Хитциг қана қалады.

Сондай-ақ ол Казинстың күлкімен емделу туралы идеясын қолдаған жалғыз адам болатын. Ол қонақ үйге кинопроектор әкеп орнатады, бөлмені түрлі комедиялық фильмдер мен кітаптарға толтырады.

Алдымен он минуттан ғана көре бастағанда Казинс өзін-өзі зорлап күлген күлкінің сәл де болса ауруды жеңілдететінін сезеді. Содан кейін бір-екі сағат болса да көз шырымын алып, кәдімгідей демалып қалатын еді.

Ұйқыдан оянған Норманға күтуші (сиделка) күлкілі хикаяларға толы кітаптар оқып беретін. Осылай бірнеше күн өтті. Жанын қоярға жер тапқызбаған ауруы кәдімгідей бәсеңдей бастады. Хитциг аутоиммундық процеске күлкінің әсерін зертемек мақсатында күлкі сеансының алдында және одан кейін міндетті түрде қан сараптамасын алып отырды.

Және әр жолы аурудың біртіндеп артқа шегініп бара жатқанын байқамау мүмкін емес еді. Бұл екеуі, осылайша, «Күлкі – ең жақсы ем» деген ежелгі нақылдың ақиқат екендігіне көз жеткізеді.

Казинс күніне шамамен алты-жеті сағат тоқтаусыз ішегі қатып күлетін еді. Бұл екі арада оған құйылатын дәрі-дәрмектер де біртіндеп азая бастады. Кейін тіпті мүлде дәрі ішпейтін болды.

Бір күні Хитциг ұйықтататын дәріні де тоқтатты. Өйткені бірте-бірте Казинстың ұйқысы да қалыпқа келе бастаған еді. Бір айдан кейін Казинс саусақтарын ауырсынбай қозғалта алатын болды.

Денесіндегі аурудан пайда болған дақтар да кете бастады. Араға тағы бір ай салып, ол төсегенде өз бетімен аунап-қунай алатын болды. Бұл дегеніңіз сұмдық бақыт қой! Сөйтіп, ол бір күні төсектен де тұрды.

Бірақ, әрине, әлі тізесі дірілдеп, қолдары оның ырқына бағынбайтын еді. Соған қарамастан ол жазуды қолға алып, өзінің сүйікті кәсібіне қайтып оралды.

Бұл Казинс үшін нағыз ғажайыптың өзі болатын. Арада бірнеше ай өткенде буындардың сырқырағаны қайта бастады. Тек тізелері мен бір иығы ғана түнде қатты қақсайтын еді.

Дегенмен оның саусақтары пианино пернесінде тынымсыз жорғалап, өзінің сүйікті туындылары – Бахтың шығармаларын ойнап жатты.

Кейін тіптен теннис ойнап, атқа мінетін болды. Осылайша, Норман омыртқа зақымданғандықтан орнынан тұра алмайды деген дәрігерлердің болжамын күл-талқан етті. Арада он жыл өткенде Казинс күтпеген жерден баяғы өзіне ешқашан жазылмайсың деп үкім шығарған дәрігерді көріп қалады.

Ол болса, Казинстың тірі, тірі болғанда да сап-сау екенін көріп, есінен танып қала жаздайды. Қол алысып амандасқан Норман әлгі дәрігердің қолын қысқанда ананың қолын қатты қысқаны сонша, сындырып жібере жаздапты.

Оның бұл әркеті басқа қандай да бір қызыл сөздерден мың есе артық еді. 1976 жылы Норман Казинс өзінің «Ауру анатомиясы (науқастың көзімен)» деп аталатын автобиографиялық кітабын жазып шығарады.

Бұл бүкіл әлемде үлкен резонанс туғызған жағдай болады. Автор өзінің кітабында адамның эмоционалдық тұрғыдағы жай-күйі ауыр дерттің өзінен құлан-таза айықтыруға қауқарлы екенін жазған.

Жорабек ЖҮНІСТІҢ Facebook  парақшасынан алынды.

Фото көрнекілік үшін.