Мектеп директорының бұл бұйрығы — адам құқығын шектеу емес пе?
Facebook әлеуметтік желісінде Түркістан облысы, Шардара ауданындағы бір мектеп директорының бұйрығы қызу талқыға түсті деп жазады Democrat.kz.
Түркістан облысы, Шардара ауданындағы Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназия директоры қарамағындағыларға әлеуметтік желіні қалай қолдану керегі жөнінде бұйрық бекіткен.
Бұл мәселеге қатысты белсенді ұстаз Нұржамал Реметова өз парақшасында жазба жариялап:
«Кезінде әлеуметтік желіде «жұлдыз» болған адамға бір мектептің ұжымы мен оқушыларын сеніп тапсыру дұрыс еместігін айтудай-ақ айттым.
Бірақ Түркістан Облысының Білім Басқармасы , Бейсен Тәжібаев , Zhandos Makhanbetov , Түркістан облысы әкімінің қоғамдық қабылдауы ешқайсысы құлақ аспады. Шардара ауданындағы Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясына Райгүл Мусалиева ханымды директор етіп тағайындады.
Директор болмай тұрған кезінде, сәл болса мектепке полиция шақырады деп естігендіктен, Райгүл ханым директор бола қалса, мектепке өз диктатурасын орнататын болар деп қауіптенген едім.
Мен қателеспеген сияқтымын. «Райгүл апайдың «әлеуметтік желіге» байланысты бұйрығы» деп, мынаны біреу жіберіпті маған.
Ал,жоғарыда аты аталған мырзалар! Осы бұйрық дұрыс деп ойлайсыздар ма, демократиялық елдің Конституциясымен бекітілген адамдардың құқығына нұқсан келтірмей ме? Осы сауалдарыма жауап бере салыңыздаршы.
Ертең бұдан да сорақы бұйрықтар шығарып, қол астындағы мұғалімдерге қысым көрсетіп жүрмесін десеңіздер, Т.Айбергенов мектеп-гимназиясына зерделеу жіберіп, болуы мүмкін дау-жанжалдардың алдын алыңыздар.
Мұғалім — ешкімнің құлақкесті құлы емес» деп жазды.
Фото көрнекілік үшін.