Дәрігерлер 6 жасар қыздың асқазанынан 1кг шаш алды

0
54

Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері күрделі ота жасап, 6 жасар қыздың асқазанынан бір килограмм шаш алып шықты, деп хабарлайды облыс әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, асқазанынан көптеген бөгде зат табылған қыз жедел жәрдеммен қабылдау бөліміне жеткізілген.

Анасының айтуы бойынша, бала ішінің ауырсынуына, әлсіздікке, тәбетінің төмендеуіне шағымданған әрі салмақ тастай бастаған.

«Тексеру кезінде бөгде зат табылды, содан кейін бірден ота жасалды. Ота кезінде дәрігерлер баланың асқазанынан салмағы 1 килограммға жуық ұйысып қалған бір уыс шаш алып шықты.

Ота сәтті өтіп, емделуші бір күннен кейін палатаға ауыстырылды. Бір аптаға жуық ауруханада ем алған қыз баланың жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды», — делінген хабарламада.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайлар балаларды қараусыз қалдырған кезде болады: олар әр түрлі заттарды аузына салып, салдарынан ағзаға зиянды заттар жиналады.

«Бұл олардың өміріне үлкен қауіп төндіреді. Ата-аналарды мұқият болуға және балаларын қараусыз қалдырмауға шақырамыз.

Түркістан облыстық балалар ауруханасында медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында хирургиялық көмек тегін көрсетіледі», — деп түсіндірді облыстық балалар ауруханасының хирург дәрігері Мұқағали Темірбеков.